Жарияланды: 700

Астанада ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігі жобасын жасаған "электронды үкімет" құру туралы тұжырымдаманың жобасы талқыланды

Бүгін, 26-наурызда ҚР үкімет басшысының бірінші орынбасары Григорий Марченконың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасында "электронды үкімет" құру жөніндегі стратегия мен тұжырымдаманы дамыту шарттары мен басымдықтарын айқындаушы жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Құрамында орталық және жергілікті атқарушы билік өкілдері, жеке меншік сектор мен Қазақстандық ІТ-компаниялар Қауымдастығының өкілдері бар топ мүшелері ҚР Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі Агенттігі жобалаған "электронды үкімет" құру туралы тұжырымдама жобасын талқылады. Сондай-ақ, мемлекеттік басқаруды электрондық жүйеге көшірудің болашақ бағыттары сарапқа салынды. Отырыста атап көрсетілгеніндей, "электронды үкімет" құрудағы басты мақсат -мемлекеттік басқару жүйесінің жариялылығын, ақпараттық ашықтығын және тиімділігін арттыру, сол арқылы азаматтар мен ұйымдарға сапалы қызмет көрсету, бұл істе қоғам өміріндегі маңызы барған сайын арта түскен ақпарат және ақпараттық технологияларға арқа сүйеу болып табылады. Мемлекеттің жеке және қоғамдық маңызды ашық ақпараттарының барлық түріне бірдей азаматтардың қол жеткізе алу құқығын қамтамасыз ету - "электронды үкіметтің" стратегиялық мақсаты болмақ. Құжат жобасына түсініктеме берген Григорий Марченко оның мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесін өзара интеграциялауды діттейтін тұжырымдамалық көзқарастарды айқындаудағы маңызына тоқтала келе, "электронды үкіметті" қалыптастыру бағытында тындырылған нақты істерді Мемлекет басшысының 2004 жылы Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған міндеттерді іске асыруға бағытталған айрықша маңызды қадамдар ретінде сипаттады. Талқылау соңында тұжырымдама жобасын жұмыс тобы деңгейінде мақұлдау, отырыста айтылған сын-пікір, толықтыруларды ескере отырып оны үкімет қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін