Астанада заңсыз құрылыстан басталған шудың соңы төбелеске ұласа жаздады - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада заңсыз құрылыстан басталған шудың соңы төбелеске ұласа жаздады

Астанада заңсыз құрылыстан басталған шудың соңы төбелеске ұласа жаздады

Жер үшін жаға жыртыс! Астанада мемлекеттік бағдарламамен салынған тұрғынүйдің іргесіне ойын сауық орталығын салмақ болған кәсіпкермен тұрғындар ашық айқасқа шықты. Тіпті заңсыз құрылысқа бөгет қою үшін қоршауларды құлатып тастады. Жұрттың ашуынан қаймыққан кәсіпкер болса, қарасын көрсетуге батылы жеткен жоқ. Жіберген адамы да наразы топтан қашқысы келгенімен, құтыла алмай састы. Тіпті  оның соңы қып-қызыл төбелеске ұласып кете жаздады.

  • 11 Шiлде 2014
  • 310
Фото - Caravan.kz

Осы жерді қызғыштай қорыған мына тұрғындардың төзімі әбден таусылған. Өйткені, аулаға кіретін жалғыз жолды қысқартып, балалар ойнайтын алаңның дәл үстінен әлдебір пысықай кәсіпкер ойын-сауық орталығын салмақшы екен. Халықтың рұқсатын алмастан тіпті құрылысты бастап та кетіпті.

Жұмағали Байжанов, Астана қаласының тұрғыны:  

— Анау тұрған шатырды жұлып тастады. Қоқыс жәшіктерін ысырып тастады. Заңсыз істеп талқандап жатыр барлығын.

Талқандаудың көкесін ызаға булыққан тұрғындар көрсетті. Айта-айта сөзі өтпеген олар құрылысқа кедергі келтіру үшін бүгін қоқыс жәшіктерін  қоршап тұрған темір қоршауларды жол бойына төңкеріп тастады.

Айымжамал Байдуәлиева, Астана қаласының тұрғыны:

-Қай жақтан сатып алса да бізге мына құрылыс.  қажет емес, Қазақстанның жері көп, басқа жақтан салсын. Мына жерде балалар ойнайды. Тым болмаса бұл жер  парк болсын, қарттар демалып отыратын.

Жұрттың ашуынан сескенді ме, мән-жайды түсіндіруге кәсіпкердің өзі келмеді. Өкілін жіберіпті. Әбден сасқан ол да қашпаққа әрекеттенген. Алайда, дер кезінде жеткен шенеуніктер сытылып кетпек болған келіншекті жарты жолдан тоқтатты. Атқамінерлер болса, құрылыстың әкімдіктің ешқандай рұқсатынсыз басталғанын айтып ақталды.


— Дереу тоқтатыңдар құрылысты.

— Айыппұл салу керек бұларға.

Халықты сабырға шақырған шенеуніктер бұл маңда әзірше сауда орталығы тұрғызылмайды деп ант су ішті. Тіпті қоршауларды да алдыртып тастауға уәде берді. Бірақ дау туғызған жерді кәсіпкер сатып алған. Яғни жеке меншігі. Сондықтан әкімдікті жағалап, құрылысқа ресми түрде рұқсат алуға қайта кірісуі мүмкін.

-Осыдан күдіктенген тұрғындар енді ауланы кезекпен күзетуді ойлап отыр. Олардың балаларына тиесілі жерді оңайлықпен бергісі жоқ. Ал ешқандай рұқсатсыз құрылысты бастап жіберген кәсіпкер болса тек айыппұлмен құтылуы мүмкін.