елордада жаңа жағажайдың құрылысы жүзеге асырылады. Жазғы демалыс орны Күйгенжар ауылында салынады. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде. Қорытынды 10 шілдеде шығады деп күтілуде. Жоспар бойынша жағажай бірнеше аумақтан тұратын болады. Бірінші аумаққа жалпы ауданы 2,05 гектарлық акватория және ұзындығы 470 метрлік жағалау кіреді. Екінші аумаққа жалпы ауданы 1,46 гектарды құрайтын құмшауыт жағажай енеді. Ол жерде шезлонг, қолшатыр, кереует секілді барлық қажеттіліктер орнатылады. Жағажайда мүмкіндігі шектеулі жандардың суға түсуі де қарастырылмақ. Осы мақсатта арнайы пандус жасалады. Балалар үшін тереңдігі 0,5-0,7 метрден аспайтын суға түсу аумағы болады. Қауіпсіздік мақсатында жағалау бойында құтқару мұнаралары салынады. Сонымен қатар тағы бір қосымша аумақ жасау көзделген. Оған халыққа қызмет көрсету мекемелері, демалыс орындары, үйлер, жасыл алқап, медпункт, құтқарушылар бекеті енеді. Белсенді демалысты ұнататындар үшін спорттық аумақ салынады. Аталған аумақта стритбол, үстел теннисі, скейтбординг, волейбол, шағын футбол, бадминтон секілді бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға болады. Басқарманың хабарлауынша, аталған жағажай келесі жылы жазда пайдалануға берілмек. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты мәлімдейді. Ақпарат http://24.kz/kz сайтынан алынды.