Астанада жертөлесі пәтерге айналған тұрғындар шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.01
  • 557.87
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Астанада жертөлесі пәтерге айналған тұрғындар шу шығарды

Астанада жертөлесі пәтерге айналған тұрғындар шу шығарды

Жертөле  пәтерге айналды.

  • 6 Қыркүйек 2014
  • 362
Фото - Caravan.kz

Астанада пәтер иелері кооперативінің басшысы элиталық 9 қабатты тұрғын үйдің жертөлесін баспанаға айналдырып жалға беріп қойған. Ал жоғары қабатта тұратындар кооперативтегілер осылайша ақша істеп отыр дейді. Жертөледегі көршілерімен  алысып, әбден шаршаған жергілікті жұрт бүгін аулаға шығып, наразылық білдірді.

Есілдің сол жағалауындағы мемлекеттік бағдарламамен салынған мына көпқабатты баспананың  бос жері жоқ. Пысықайлар шатыр, жертөле дегеннің түгін қалдырмай іске жаратып отыр. Сондықтан мұндағы тіршілік  бірінші емес, ыстық және мұздай  су құбырлары мен электр сымдарынан аяқ сүрінетін төменгі қабаттан  басталады.

-Жертөлеге кіріп шығу да қиямет қайым. Жарық жоқ.  Кіре беріс тас түнек. Мен өзім қазір ұялы телефонның сәулесімен амалдап келем. Ал, дәл осы  қараңғы дәлізбен күніне 30 шақты үйдің бала-шағасы  кіріп-шығады.

Ал сыз басқан жертөледе қазақтың бесіктегі балалары да өсуде.  Басқа пана демесеңіз, әр үйдің сиқы мынау,  шаңырағында оратылған  құбыр, жерде аттап бассаң электр сымы. Бірақ, басын қауіп-қатерге тіккен тұрғындар бұның бірінен де сескенбейді. Өйткені басқа барар жері жоқ.

-Кім тұрады бұл жерде?

 – Ағам.

Жертөледе тұратындардың басым бөлігі осы үйге қызмет көрсететін «Тұрмыс» пәтер иелері кооперативінің жұмысшылары екен. Яғни, басшылар сантехник, электриктерге жалға беріп қойған.

-Біреу ақша тауып жатыр ғой. Өзі жертөленің  бөлек бастығы бар дейді, кім екенін білмейміз.

Көпқабатты үйдің заңды иелері  бәрінен бұрын жертөледегі көршілерінің қолдан жасап алған ас үйлерінен қауіптенеді. Өйткені мұндағылар еш рұқсатсыз балонды газ пайдаланады, ол аздай ортақ электр жүйесінен ұрлап жарық тартып алған көрінеді.

Руслан Айтжанов, Астана қаласының тұрғыны:

-Осында отыз шақты бөлме бар. Тоңазытқыш басқа да тұрмыстық  техникасын қосады. Оны біз төлеп отырмыз.  Түбіртек бізге келеді.

Әкімдіктегілердің жауабы жалғыз. Шенеуніктер кез-келген жағдайда мораторийға байланысты біреудің есігін қағып, тексеріс жүргізе алмаймыз деп ақталады.

Гүлсана Оспанова, Астана қаласы әкімдігі тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы:

-Сауран, 14-те біз  де болғанбыз, көргенбіз. Егерде мораторий болмаған жағдайда тексеріс жүргізуге болар еді. «Тұрмыс» ЖШС болып табылады.

Ал, «Тұрмыстың» қызметкерлері болса, атымыз жеке мекеме болғанымен, құрылтайшымыз қалалық әкімдік дейді. Қалай болғанда да, енді көпқабатты үйдің заңды иелері құзырлы органдарға арызданып, заңсыз табыс тауып отырғандарды сотқа бермек.