Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Қолайлы орын әлі де іздестіріліп жатыр
Әкімдік мәліметінше, жұмыс тобы алғашқы отырысын өткізіп, жаңа әуе айлағы орналасуы мүмкін жеті жерді белгіледі. Мамандар оның үшеуін барып, өз көзімен көріп қайтты.
Қазіргі уақытта сарапшылар бір нұсқаны таңдау үшін өз қорытындыларын пысықтап жатыр.
«Астананың жаңа әуежайы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау бойынша Жол картасы әзірленді. Жұмыс қорытындысы бойынша жаңа әуежайды орналастырудың ең тиімді жері анықталады», – деп хабарлады әкімдік.
Құрылыс мерзімі туралы не белгілі?
Әуежай қандай мерзімде салынады және оның құны қанша болады? Әкімдіктегілер бұл сұрақтарға жауап берген жоқ. Олар мұны нақты локацияның әлі белгісіздігімен түсіндірді.
«Қазіргі кезеңде нақты локация, құрылыстың басталу және аяқталу мерзімі, жобаның алдын ала құны, қаржыландыру көздері мен инвесторлар құрамы, болжамды жолаушылар ағыны, негізгі инфрақұрылым нысандарының тізбесі, сондай-ақ жобаның эскиздік және визуалды материалдары пысықталу және нақтылану сатысында», – деп жауап берді Астана әкімдігі.
Екінші әуежай туралы мәселе қашан көтерілді?
Астанада екінші әуежай салу мүмкіндігі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді. Жаңа әуе айлағының қажеттілігі жолаушылар ағынының артуымен және елорданың ұзақ мерзімді дамуымен түсіндіріледі.
2025 жылғы желтоқсанда Астана әкімі Жеңіс Қасымбек алғаш рет көпшілік алдында жаңа әуежай құрылысына басталатынын айтқан болатын. Сол кезде ол елорданың Бас жоспарында әуежай орналасуы мүмкін болашағы бар учаскелер қарастырылғанын жеткізген.
2026 жылғы 15 мамырда әкім орынбасары Ерсін Өтебаев қала бірнеше алаңды қарастырып жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, бас жоспарды түзету барысында ұзақ мерзімді перспективада әуежай құрылысына резервтеу жоспарланған ең қолайлы учаске таңдалған.
Алайда, 6 маусымда Астана әкімдігі екінші әуежай құрылысы үшін түпкілікті орын әлі таңдалмағанын айтты.
30 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында Астанада жаңа әуежай құрылысы жақын арада басталуы тиіс екенін және оны кейінге қалдыруға болмайтынын мәлімдеді.