Бұл туралы бүгін VІІІ Астана экономикалық форумы аясында өтіп жатқан «ІІІ Халықаралық «Жаңа Жібек жолы» көліктік-логистикалық форумында» ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев айтты.
Оның айтуынша, соңғы жылдары Еуразия құрлығындағы халықаралық экономикалық байланыстардың дамуы және Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының еселеп ұлғаюы Ұлы Жібек жолының қайта жандануына негіз болып отыр. Осы орайда Қазақстанның халықаралық транзиттік хабқа айналуы да маңызды мақсаттардың бірі. Бүгінгі форумның жалпы отырысында Мемлекет басшысы еліміздің осы саладағы болашақ жоспарларын жан-жақты түсіндіріп өтті.
«Өздеріңіз білесіздер, екі күн бұрын жарияланған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Еуразиялық трансконтиненталдық дәліздің одан әрі дамуы мен халықаралық әуе қатынастарын дамыту туралы, сонымен қатар, «Эйр-Астананың» әлемдік деңгейдегі ірі тасымалдаушы болатындығы жөнінде айтылған. Сонымен қатар, 2018 жылға дейін әлемнің барлық ірі қаржы орталықтарына тікелей әуе жолдарын ашу да қарастырылған. Қазірдің өзінде біз Астана арқылы Лондон, Франкфурт сияқты орталықтармен байланыса аламыз. Ал жуық арада Сеул рейсі ашылады. Сондай-ақ, алдағы 2-3 жылда Дубай, Гонконг, Сингапур, Нью-Йорк және Токио бағыттары ашылады», — деп атап өтті Ә. Исекешев.
Оның айтуынша, бұл жұмыстардың барлығы өз кезегінде транслогистикалық жүйенің дамуына өз үлесін қосады.