Жарияланды: 20

Атакентте журналистер аллеясы пайда болды

Атакентте журналистер аллеясы пайда болды Сурет - Inbusiness.kz

 

«ATAKENT» саябағы аймағында «Журналистер аллеясының» салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Бұл аллеяға БАҚ өкілдері өз қолдарымен алма ағаштарын отырғызды.

Әр егілген ағаштың нөмірі тіркеліп, оған есім берілді.

Ағаш еккен адамға арнайы сертификат табысталды.

Табиғатты аялау мақсатындағы шараны «Атакент достар клубы» ұйымдастырған.

«Әрбір ағаштың өзінің бір иесі болады. Оны тек қана бүгін ғана емес, енді болашақта да өзі суарып, өзі бағалап, өзі өсіріп, одан кейін піскен алманы жинауға келеді. Бұл бірінші шара емес, әлі көптеген жоспар бар», - деді «Атакент достар клубы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бауыржан Баякешов.

Жалпы, саябақта 9600 түптен астам ағаш бар. Ал бүгін журналистер 67 түп алма ағашын отырғызды. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар қаламызда серуендейтін саябақтардың аздығын айтып, тек жеміс-жидек ағаштарын отырғызып қана қоймай, болашақта отыратын орындықтар мен шамдар қоятындарын айтты. Тіпті оған қаражат бөлінгенін де атап кетті.

Айта кетейік, аталған аллея БАҚ өкілдеріне арналған Алматыдағы бірінші жасыл аймақ болып табылады.

Бұған дейін Атакент саябағында 9 мың ағаш бұталады деген қауесет тараған болатын. Бұл ақпарат көпшіліктің наразылығын тудырды.

«EcoAlmaty» ЖШС жетекшісі Жанна Асанова бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін