Бірнеше күн бойы бас қаланы тұмшалаған қалың тұман бүгін әжептәуір сейілген. Сондықтан Қырғыз Президентінің ұшағы Елорда әуежайына еш кедергісіз қонды. Алмазбек Атамбаев Астананың ауа-райына сай киініп келіпті. Үстінде қара пальто, басында айыр қалпақ. Ұшақтан түскен бойда мәртебелі мейман бірден Ақордаға жол тартты.
Елбасы, әріптесін есік аузынан күтіп алып, Қырғыз президентіне протоколға сай барлық құрмет көрсетілді. Ресми сапарының алдында, Алмазбек Атамбаев, Қазақстан Алтын Орданың мұрагері деп көсіле сұхбат берген болатын. Бүгін де, Нұрсұлтан Назарбаевты «аға» деп қолқалап, мақтауын Ақордада жалғастырды. Ал көмек сұрай келген інісіне Қазақстан президенті қолұшын созуға әрдайым дайын екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Қай жағдай болса да, сіздерге бір көзімізбен қарап отырамыз. Жағдайларыңыз жақсы болса қуанамыз, қиын болса күйінеміз. Осы сапарыңыздың өзінде де, оңай жағдайда келіп отырмағаныңызды білеміз. Қолдан келгеннің барлығын, сіздің қойған сұрақтарыңызды орындауға тапсырма бердім. Оның бәрін қараймыз.Әрбір сөйлеген сөзіңізде, Қазақстанға деген көңіл жүрегіңізді айтып жүрсіз. Естіп жатыр бүкіл халық.
Атамбаевтың қазаққа деген кең көңілін ескерген Назарбаев, оны 1-ші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Мұндай тосын сыйды күтпеген Қырғыз президенті алғысын жаудырып ағынан жарылды.
Алмазбек Атамбаев, Қырғыз Республикасының Президенті:
— Менде сізге келген сайын ашық айтайын, өзімнің ағама, байкеме келе жатқандай келем. Әрдайым солай. Өйткені,сіз әрдайым мені түсінесіз. Қолдан келген жәрдемді аямайсыз. Мен сізге келген сайын көп нәрсе үйреніп кетем. Тәлім алып,сабақ алып кетем.Қырғызстанға көрсетіп жатқан жәрдеміңіз үшін мың мәрте разымын. Қырғыз елінің атынан рахмет айтқым келеді. Толқып та кеттім. Шоң, рахмет аға!
Рахмет айтуы бекер емес. Өйткені, айырқалпақты ағайын судың аздығынан электр энергиясының тапшылығын тартуда. Тіпті амалы қалмаған Үкімет жарықты тағы сағаттап өшіруге ұсыныс жасапты. Ал қазақтар бауырларын қараңғылық құшағынан құтқарды. Еліміз биылдың өзінде, Бішкекке 400 миллион киловатт қуат бермек. Есесіне қырғыздар судан тарықтырмауға уәде етіп отыр. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуымен 500 цистерна толы жанармай Қырғызстанға ақыры жөнелтілді. Себебі Ресейден Қырғызстанға жеткізілмек болған алып бөшкелердің құжатынан шикіліп шығып, жарты жолда Жамбыл облысында қалып қойған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Туысқан Қырғыз халқына айтар сөзім бар. Елдің ішінде бірлік болмаса, экономикада өспейді, жақсылық та болмайды Тынышсыздықтан кейін бір -бірімен мәмілеге келіп, бір- бірін түсініп,бірігіп бас қосып,елдің жағдайын көтеруге жұмыс істесе екен деп армандаймыз. Соны тілейміз соны сұраймыз.
Бішкек көршілерінің ақшасына ғана емес, қазақтың астығы мен ұнына да зәру. Туысқан бауырларына көмекті аямаймыз деген Астана Қырғызстанның Еуразиялық Одаққа қосылуына да 100 миллион доллар бөлмек.
-Ресми Бішкек Еуразиялық Одаққа 2015 жылы қосылмақ. Осылайша, Қырғыз президенті Ақордадан қаржылай көмек алып қоймай, көптен түйіні тарқатылмай жүрген басқа да түйткілдерін шешіп қайтты. Ал біраз мәселені Нұрсұлтан Назарбаевтың көмегімен шешетінін жасырмаған Алмазбек Атамбаев бүгін де шеберлік сағатын алды. Енді оны еліне барған бойда дереу жүзеге асырмақ.