Өнерге ғана емес, өмірге құштар Жанна Саттароваға қазан айының аяғанда тоқ ішектің қатерлі ісігі деген диагноз қойылды. Әншіге Сеул ауруханасында ота жасалған. Дәрігерлердің айтуынша, үш жарым сағатқа созылған ота сәтті аяқталыпты. Енді оны алда ұзақ та ауыр химиялық ем күтіп тұр. Бұған дейін әлемдік деңгейдегі хит-әндерді орындап жүрген Жаннаны қолдау мақсатында әріптестері де қарап қалмақ емес. Ертең Алматы барларының бірінде Саттароваға арналған қайырымдылық кеш өтпек. Ал 11-ші қарашада Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында өнер жұлдыздарының қатысуымен Жанна Саттарованы қолдауға арналған қайырымдылық концерті болады. Қазір отбасы қаржылай көмекке зәру. Отандасымыздың жағдайына бей-жай қарамайық дейді өнерпаздар.
Гауһар Саттарова, Ж.Саттарованың сіңлісі:
-Біз Жаннаның қатарға қосылып кетуі үшін көмек сұраймыз. Ота жасауға өнердегі әріптестері мен достары жәрдемдесті. Енді химиялық емдеуге көп қаражат қажет. Қайырымды жандар көмек қолын созады деген үміттеміз.