Жарияланды: 380

Атырау облысында базардың көшірілуіне қарсы саудагерлер әкімдікке басып кірмек болды

Атырау облысында базардың көшірілуіне қарсы саудагерлер, әкімдікке кеп айқай шығарды. Құлсары қаласындағы орталық базарда киім-кешек сатып күн көріп жүрген оларды базар басшылығы бутиктерге орналастырмақшы екен. Бірақ, жалға алу құнының қымбат әрі жоғарғы қабаттағы сауда орындарына клиент келмейді деп қорқады саудагерлер.

-Бізге 15-де босатыңдар деген қағазды таратпақшы болды. Алмаймыз дедік.

Орталық базардың жүз шақты саудагері бір айдан бері сауданы ысырып қойған. Базар басшылығы мен жергілікті әкімдіктің есігін тоздырумен жүр. Өйткені, сауда орны иесінің өздерін бутиктерге көшіруіне қарсы.

Раушан Әлішева, саудагер:

-Жоғарыда бутик 180 .000. Өзі айналдырып жүргеніміз 200 000 теңге. Сонда ақшамызды арендаға беріп отырамыз ба? Сонда не сатамыз? Ішіне кіріп жатамыз ба? 4 баланың анасымын. 4 баланы алып жатам ба 3 қабатқа барып, не істейміз енді?

Мұратхан Ешмұқанов, саудагер:

-Салығын  да көтеріп берсін, мақұл оған да көніп тұрмыз. Осыншама бәріміз де несиемен. Алматығы қарыздарымыз бар, бала-шаға бағамыз деп жүрміз тентіреп.

Осылай деп ашына айқайлаған саудагерлер көмек сұрап, әкімдікке  бірнеше рет барған. Бірақ, әзірге еш көмек жоқ. Бүгін де олар құр қайтты.

Өйткені сөйлесеміз деп барған әкімі орнында жоқ. Ал ашулы халықтың арынын басуға шыққан орынбасардың жауабы да жарымады.

Еркебұлан Аққұсов, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары:

-Мен әлі кездескен жоқпын ол кісімен, ол кісіні бүгін шақыртам, сосын сөйлесеміз.  Мына 5-6 адамның ішінен телефон жазып алып қалдым. Түсқайта келіңдер өзім соғам дедім, әуелі бастығын шақыртайық, Сөйлесейік, не жағдай, не болып жатыр?

Ал, саудагерлерді дүрліктіріп, сенделтіп қойған базар қожайындары бүгін төбе көрсетпеді. Тек аяқ астынан ауырып қалған олар, дүңгіршекке көшуге қарсы шыққандарға сауда залын 15 күн ішінде босатуды талап етіпті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін