«Бірлік кенті тұрғынының бір үйір жылқысы жоғалған. Бастапқыда азамат жылқыларын өзі іздеп, таппақ болған. Бұл әрекеті нәтижесіз болған соң қалалық №2 полиция бөлімінің қызметіне жүгінген. Тергеу тобы іздестіру шаралары барысында Бірлік кентінің маңында иесіз қора мен онда қамалған жылқыны тапқан. Мал ұрыларын ұстау үшін полицейлер үш күн бойы бұл жерді аңдып отырған. Ұрылар келіп, жылқылардың аяғын байлай бастаған кезінде ұсталды», — деді Г. Мұхтарова.
Тергеу кезінде ұрылардың тобында үш адам болғаны белгілі болды. Оның басшысы екі жыл бұрын ұрлық үшін жазасын өтеп шыққан 26 жастағы Бірлік кентінің тұрғыны. Осы елді мекеннің тұрғыны, оның туысы және 31 жастағы Курилкино ауылында тұратын танысы сыбайластары болған. Полиция қызметкерлері тиісті құжаттарды рәсімдеп, жылқыларды иесіне қайтарды. ҚР ҚК 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.