Абай көшесіндегі мына үйлердің жаны темір дуалмен қоршалғалы бері тұрғындардан маза кеткен. Бүгін олар құжаттарын құшақтап, көпшілікпен тіл табысуға келген компания өкілдерін түтіп жей жаздады.
Людмила Бакалдина, Атырау қаласының тұрғыны:
-Олар мына жерді қазып, астын үстіне шығарады. Оған 50 жыл болған біздің үйіміз шыдамайды, құлайды ертең. Бұл жерде қандай құрылыс болуы мүмкін? Олар ақша таппақ, ал біз ше?
Ал құрылыс компаниясының өкілдері болса, жерді 2004 жылы заңды түрде алғандарын айтып ақталуда. Тіпті құжат берген әкімдік құрылысты тезірек бастаңдар деп кәсіпкерге талап қойып отырған көрінеді.
Игорь Улезько, құрылыс компаниясының басшысы:
-Жобаны Атырау қаласындағы барлық құзырлы орындар мақұлдаған. Құрылыс бөлімінің жұмысты тезірек бастау туралы ескертпесі де бар.
Айқай шыққан жерге көп ұзамай тәртіп сақшыларымен бірге қалалық әкімдіктің де өкілдері жетті. Бірақ, ашулы тұрғындардың көңілін көншітетін жауапты ешқайсысы айта алған жоқ.
Гүлмира Шәкірова, Атырау қаласы әкімінің орынбасары:
-Қазір мен ештеңе айтпаймын. Анықтап алайын.
-Сөйтіп құрылыс компаниясы мен тұрғындар тағы келісе алған жоқ. Тараптар енді құзырлы орындарға арызданбақ. Мердігер шулы жерден бас тарту үшін әкімдіктен басқа учаске сұраса, ашулы жұрт кезінде шенеуніктер берген құжаттың қаншалықты заңды екенін тексеруді прокуратурадан талап етіп отыр.

