Жарияланды: 410

Атырауда жатақхана өртеніп, төрт адамның денесі табылды

Атырауда жатақхана өртеніп, төрт адамның денесі табылды

Өрт болған жатақханада 20 адам болған. 

Атырау облысында Қарабатан «Газтурбиналық электрстансысы» құрылыс нысанының аумағында контейнер типтес жатақхана өртенді. Қазіргі уақытта қаза болған 4 адамның денесі табылды, 4 адам зардап шеккен. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

Қарабатан «Газтурбиналық электрстансысы» Атырау қаласынан шамамен 40 шақырым жерде, Қызылқоға ауданы аумағында салынуда. Ол вахталық қалашықта орналасқан. Өрт бүгін, таңғы сағат 08.41-де шыққан.

«Өрт кезінде жатақханада түнгі ауысымдағы жұмысшылар - шамамен 20 адам болды. Осы уақытта 4 адамның мәйіті табылды. Тағы 4 адам зардап шекті», - деп атап өтті Р.Иманқұлов.

Жалын шарпыған аумақ 500 шаршы метр шамасында. Өрт 10.25-те оқшауланып, 10.45-те толығымен сөндірілді. Оның шығу себептері анықталу үстінде. Тілсіз жауды ауыздықтауға Атырау облыстық өрт сөндіру қызметінің 11 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін