Атырауда жөндеуден өткен үй құлағалы тұр - kaz.caravan.kz
  • $ 489.39
  • 567.5
+21 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырауда жөндеуден өткен  үй құлағалы тұр

Атырауда жөндеуден өткен үй құлағалы тұр

Атырауда терможаңғырту бағдарламасы бойынша жөндеуден өтуі тиіс үйлер керісінше, апатты жағдайға түсті. Қаладағы «Балықшы» ықшамауданындағы көпқабатты үйдің жөндеуі басталғалы 3 айға жуық уақыт өтсе де, бітер түрі көрінбейді. Шатыры жоқ, жаңадан салынған есік-терезелер құлап қалғалы тұр. Ал мердігерден ақшаларын ала алмай жүрген жұмысшылар бірінен соң бірі ауысуда. Енді осылай жүрдім-бардым жасалған жөндеудің кесірі тұғындарға тиюде.

  • 11 Қараша 2014
  • 310
Фото - Caravan.kz

100 пәтерлі мына үй күрделі жөндеуден өтеді дегенде тұрғындар бірауыздан келісіп, тиісті орындармен келісім-шартқа қол қойған еді. Бірақ жөндеу жұмыстарынан соң сәні кіре ме деген баспаналарының сиқы кеткен. 3 айдан бері жабылмаған төбеден жаңбырлы күндері су кетіп, жаңа есік-терезе түсіп қалғалы тұр.

-Зақым болып қалатын болса, ешкім жауап бермейді, міне қараңыз, қалай қозғалып тұр. Жасағаны не жасамағаны не, масқара ғой мынау…

Тұрғындар жөндеу басталғалы бері жандарын шүберекке түйіп отыр. Себебі, әйнегі әрі еш қоршауы жоқ терезеден бала түгіл, үлкендер құлап кете ме деп алаңдаулы. Электр сымдары да ашық-шашық.

Жаңғақ Жоламанова, Атырау қаласының тұрғыны:

-Жертөленің түрі анау. Кісілердің бәрі отыр, боқтың бәрін шығарып қойып, ішіп отырды сіздер келгенге дейін.  Ваккуумды әкеліп қойды, бәрі де көзбояушылықпен істеліп отыр. Сөздің шыны керек, ешқандай көңіліміз толмайды.

Алосы үйді жөндеуден өткізем деп жауапкершілікті мойнына алған жеке кәсіпкерді қазір жұмысшылары да ұстай алмай жүрген көрінеді.

Ардақ Сағынова, жұмысшы:


-Мына 4 миллион 300-ге келістім. Бірақ мен мына жерден 990 000 ақша алдым, 18 адаммен келіп жасадық. Адам басына 990 мыңды бөліңіз, не несиеңе не тамағына жетпейді .

Бір қызығы, жөндеу жұмыстарына тапсырыс берген қалалық әкімдік мұндағы жағдайдан хабардар бола тұра мердігердің қараша айының соңына дейін уақыты бар деп жайбарақат отыр.

Нұрлан Ерғалиев, Атырау қалалық тұрғынүй инспекциясы бөлімінің жетекшісі:

-Жұмыс кестесіменен толық орындалып жатыр.  Себебі күрделі жөндеу жұмыстары келісім-шартқа байланысты бас мердігермен 3 айға жасалған. Пәтерлердің ішіне су кеткен пәтерлерді мердігер мекеменің есебінен қайта жөндеу жұмыстары жүргізіп берілетін болады.

Шенеуніктер осылай деп жайбарақат кейіп танытып отырғанда, тұрғындар прокуратураға арыз түсірді. Мердігер компанияға кем-кетікті жою туралы айтылған екен. Бірақ оны орындайтын адам әзірге байқалмайды. Ал халық болса, келесі жылдан бастап жөндеу жұмыстары үшін тиісті қаржыны мүлдем төлемеуге бекініп отыр.