Атышулы Алматының трамвайын шенеуніктер түбегейлі тоқтатып тынбақ
Алматыдағы трамвай депосының тағдыры қыл үстінде тұр. Себебі тоз-тозы шыққан темір жолдарды жөндеп, ескі депоны қайта қалпына келтіруге қаржы тапшы. Сондықтан бір ай бұрын уақытша жабылған мекеменің енді қанша уақыт қаңырап бос тұратыны белгісіз. Есесіне ондағы жұмысшылар басқа да қоғамдық көліктің тізгініне отыра бастады. Қазір 34 жүргізуші қайта даярлықтан өтіп, троллейбус жүргізуге машықтанып жатыр. |
Сексен жылдық тарихы бар трамвай депосының дәл бүгінгі көрінісі осы. Тұралаған техника мен күзетшілерден басқа бұл маңда ешкім жоқ. Себебі болашағы бұлыңғыр мекеменің барлық жұмысшысы жан-жаққа тарап кетен. Ал тозығы жеткен теміржолдар мен ескірген трамвайлар сол қалпында қаңырап тұр. Оларды қалпына келтіріп, қайта іске қосуға қаржы жоқ. Қашан болатыны да белгісіз. Әкімдік ақша бөлмек түгілі, жөндеу жұмыстарына қанша қаржы керектігін де есептелмеген.
Дәурен Әлімбеков, Алматы қаласы Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы:
-Трамвай депосын ешкім сатып жіберейін деп жатқан жоқ. Біз қазір қанша шығын кететінін есептеуіміз керек. Егер бұл жұмыстар көп шығынды қажет ететін болса, одан бас тартуға тура келеді.
Медер Жаттықбаев 7 жыл трамвай жүргізген. Депо жабылғаннан бері троллейбустың тізгініне отырыпты. Қазір осы қоғамдық көліктің қыр-сырын үйреніп, қайта даярлықтан өтіп жатыр. Арнайы рұқсат алғаннан кейін жолаушы тасымалдауға кіріспек.
Медер Жаттықбаев:
-Трамвайды уақытша тоқтатқаннан кейін осы троллейбусқа ауысып келдік. Осы үш ай оқып жатырмыз. Курсты бітіргеннен кейін линияға шығамыз.
Бір ай бұрын жабылған трамвай депосында жүз шақты адам жұмыс істейтін. Қазір солардың отыз төрті «Алматы ЭлектроКөлік» мекемесінде троллейбус жүргізуге машықтанып жатыр. Ал қалғандары қалалық автопарктерге орналасыпты. Сондықтан жұмысшылары жан-жаққа тарап кеткен кеткен трамвай депосының жақында ашылуы екіталай.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін