Адольф Гитлерге журналының бір санын арнаймын деп басы бәлеге қалған Жарылқап Қалыбай бүгін тағы сот алдында тұр. Бірақ бұл жолы редактордың үстінен полиция шағым түсіріпті. Яғни, құзырлы орын фашистердің көсеміне арналған мақаланың екеуінен экстремизимді ақтау белгілерін тапқан.
Жарылқап Қалыбай, «Аңыз адам» журналының бас редакторы:
— Бұл сот ана соттан басқа! Ол азаматтық сот болатын. Ол сотқа біз наразымыз және дайындап жатқан апелляциялық шағымымыз бар. Ал енді сөйтіп жатқан сәтте Алматы қаласының полициясы келіп, бізді мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша екі мақалада экстримизді ақтау белгілері бар екен деп екінші әкімшілік сотқа беріп отыр.
Бір қызығы, бұл жолы Жарылқап Қалыбайға қатысты іс судья Арман Тұрғынбаевтың қолына беріліпті. Ол былтыр редактор мен стюард арасындағы дауға байланысты шешім шығарып, оны 3 тәулікке қамаған еді. Сондықтан «Аңыз адам» журналының басшысы бірден іс басталмай жатып, судьяның алмастырылуын талап етті.
-Жарылқап Қалыбай сіз менің шешіміме наразылық әкеліпсіз. Төрағаға кіресіз, ол өз шешімін айтады.
Бас редактор ұзақ талқыдан кейін дегеніне жетті.
-Арыз қанағаттандырылып, сіздің ісіңізді енді Алыбай деген судья жалғастырады.
Бірақ жаңа судья іске кірісуге әзір болмағандықтан, тыңдалым кейінге шегерілді. Естеріңізге салсақ, «Аңыз адам» журналына қатысты дау биыл жеңіс мерекесі қарсаңында басталған еді. Тіпті ашуға булыққан ардагерлердің бір тобы журналды өртеуге дейін барды. Ал басылымды оқығандар: «Мұнша дүрлігетіндей онда Гитлер ақталмаған еді», дейді.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
— Мен бұл журналды бастан аяқ оқып шықтым. Және бүгін өтіп жатқан сот өте қынжылыс туғызады. Неге? Себебі шындықты жазғаны үшін. Екінші Гитлер туралы кім жазбай жатыр. Қандай мемлекет, қандай қоғам. Напалеон, Шыңғыс хан туралы жазса, соған бола тартыла береміз бе?
Бұл «Аңыз адам» журналына қатысты бірінші сот емес. Өйткен айда ғана 13 ардагердің арызы бойынша, азаматтық іс қаралып, бас редакторға 13 миллион теңге айып салынған еді.