Жарияланды: 1300

"Ауыз су" бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 250 млн астам теңге мақсатсыз жұмсалған

Астана. 14 қазан. "Қазақстан Бүгін" - "Ауыз су" бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген 250 млн астам теңге мақсатсыз жұмсалған. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов кеше өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді шешу мәселесі бүгінгі күні еліміздің барлық аймақтарында өткір тұрғаны белгілі. Бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін Үкімет 2002 - 2010 жылдарға арналған "Ауыз су" деп аталатын арнайы бағдарлама қабылдап, оның орындалуы үшін 115,1 мрлд. теңге бөлген болатын",- деді ол. Бұл бағдарлама өзінің алғашқы жемісін бере бастағаны да рас. Мәселен, ол қолға алынған 2002 жылдары елімізде суды тасып ішетіндер саны жарты миллионға жуық болса, бүгінде олардың саны 200 мыңға жетер жетпес. Алайда тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесі кейбір аймақтарда әлі де шетін мәселе болып отырғанын прокуратуралық тексерулер анықтап берді. Бюджеттік қаржыны тиімсіз пайдалану яки талан-таражға салу, су желілерін сапасыз тарту немесе қайта жасау, жөндеу-құрылыс жұмыстарының орындалу мерзімдерін кешеуілдету, мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің бұзылуы, ауыз судың сапасының нашарлығы, мемлекеттік меншікті жеке меншікке заңсыз беру - міне осындай құқық бұзушылықтар бүгінде мемлекетке бас-аяғы 250 миллион теңгеден астам шығын әкеліп отыр. Мәселен, Қызылорда облысындағы Шиелі ауданында бюджеттің 90 миллионға жуық ақшасын тура мағынасында айтқанда жердің астына көміп тастаған. 2002 жылы Табиғи қорлар мен қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты Су қорлары жөніндегі комитеті "Арна" деген ашық акционерлік қоғамымен Жиделі су желілерін және оны қосу тармақтарын салуға шартқа отырады. Алайда тапсырыс беруші мен мердігердің кінәсінен 88,2 миллион ақша салынған бұл жоба кейіннен тоқтап қалады. Бұл күнде ол нысанды жұрт түгелдей талап әкеткен. Ал аталмыш комитет болса ол жөнінде мүлдем ұмытқан. Кейде бюджет қаржысы әуел бастан-ақ шикі жобаға жұмсалады. Мысалы, Павлодар облысындағы Ертіс ауданының Тоқта аулында мемлекеттік санитарлық-эпидиомиологиялық бақылау органдары пайдалануға жарамсыз деп тапқан су көзіне терең ұңғы қазылып, пайдалануға берілген. Оны пайдалану прокурорлардың талабы бойынша тоқтатылды. Егер оған дер кезінде геодезиялық зерттеулер жүргізілгенде 17 миллионға жуық мемлекеттің ақшасы желге ұшпас еді. Алайда, кейбір лауазым иелері жұмысты тоқтату үшін толық негіз бола тұра, болашағы жоқ жобаны қаржыландыруды жалғастырудан танбайды. Мәселен, Қарағанды облысындағы Шахан кенішіндегі су құбыры жүйелерін қайта тарту кезінде жобалаушы оған қосылатын су көзінің өзінің жоқтығын анықтап, ол туралы тапсырыс беруші Шахтинск қаласының құрылыс бөліміне мәлімдеген. Ал бұл бөлім болса оған қарамастан "Агроөндірісжөндеуқұрылысы" деген серіктестікпен ол құбырларды тарту жөнінде келісімшартқа отырған. Сөйтіп, жергілікті шенеуніктердің салдыр-салақтықтарының кесірінен Шахан мен Долинка кеніштерінің мыңдаған тұрғындары әлі күнге ауыз судан жапа шегіп отыр, ал оған жұмсалған бюджет қаржысы 46 миллион теңгені құрайды. Бұл жөнінде жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін қаржы полициясына жіберілді. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-әрекеттеріне үйлестіру болмағандақтан орасан зор бюджеттік қаржыға салынған кейбір нысандар қарап тұр. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы құны 1,4 млрд. теңгені құрайтын Кентау-Түркістан су құбырлары торабы салынып біткен болатын. Алайда, Түркістан қаласына таратылатын жүйелер тартылмағандықтан бұл нысан әлі қарап тұр. Ал ол жүйелердің өзі былай тұрсын, жобалық-сметалық құжаттамасының өзі әлі басталмағаны прокурорлық тексеру кезінде мәлім болды. Алматы облысындағы Жамбыл ауданының Үлкен аулындағы құны 123,7 млн. теңгелік жаңа су беру жүйесі мен Түрген су жүйелері торабының құны 197,5 млн. теңгелік су қоймасымен қоса магистральді жүйесі де босқа қарап тұр. Су беру нысандарының жобасын жасағанда сол аймақтың климаттық ерекшеліктері де ескеріле бермейді. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Көкмардан және Темір ауылдарында жердің бетіне 200 сужинағыш жәшік орнатылған болатын, олар алғашқы аязда-ақ істен шыққан. Бұл мемлекетке 25,8 млн. теңге шығын әкелді. Бұл материалдар да қаржы полициясына жолданды. Әлбетте жобалардағы шикіліктер ауыз судың сапасына да нұқсан келтіреді. Мәселен, Ақмола облысының Ковыльное аулындағы су құбырларына 37 млн. теңгеге күрделі жөндеу жасалынды. Алайда жобалау кезінде ондағы 1966 жылы қойылған су тазартатын құрылғыны ауыстыру қажеттігі ұмыт қалған. Соның салдарынан жұртшылық тиісті санитарлық қалыпқа сай келмейтін су ішіп отыр. Павлодар облысының Железинка ауданындағы Захаровка аулында салынған су жүесінен де осындай шикілік шықты. Прокурорлардың талабы бойынша ол да тоқтатылды. Ал мұндай фактілер еліміздің барлық аймақтарынан табылып отыр. Олар жөніндегі материалдар әрі қарай шара қолдану үшін мемлекеттік санитарлық-эпидиомиологиялық қадағалау органдарына жолданды. Сондай-ақ құрылысты салу кезінде жобада көрсетілгеннен неғұрлым арзан құрылыс матриалдарын пайдалану фактілері де кездесті. Ақтөбе облысы Әйтекеби ауданындағы Комсомольское ауылының сумен қамтамасыз ету жүйесін жаңарту және кеңейту кезінде мердігер тапсырыс берушінің келісімімен полиэтилендік құбырлардан су желісін тартқан, ал жобалық-сметалық құжаттары бойынша ол шойыннан жасалған болу керек еді. Сөйтіп, мердігер бюджет есебінен 13 млн. теңге олжа тапқан. Аудандық прокуратураның талапарызы бойынша ауданаралық экономикалық соты оған бюджеттке ол соманың орнын толтыруын жүктеді. Мұндай факті біреу ғана емес. Аталған заң бұзушылықтар еліміздің біраз аймақтарында анықталды. Сонымен қатар, прокурорлардың бастамашылығымен мемлекеттік сатып алу жөніндегі ашық конкурстың қорытындысы бойынша шешімдер қабылдаған кезде құқықбұзушылыққа жол берген конкурстық комиссияның мүшелеріне қатысты шаралар қабылданды. Мысалы, ұсыныс құны 181,8 млн. теңге тұратын "Нұра ауданы Пржевальский ауылының су құбырлары желісін жаңарту" №7 лотының жеңімпазы "Сарқан+" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің конкурс сұранымын зерделеу кезінде қосалқы мердігер "Центргеоаналит" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сәулет және қала салу қызметімен айналысу лицензиясының көшірмесі тек сұраныс конвертін ашқаннан кейін ғана нотариуста расталған. Қарағанды облысы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңдарына сәйкес Шет, Қарқаралы аудандары әкімдерінің орынбасарлары Б.Төлеуқұлов, Б.Ләмбеков және басқалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Аталған заң бұзушылықтар еліміздің көптеген облыстарында анықталды. Қабылданған шараларға қарамастан жеке елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі шешілмегені тексеру барысында анықталды. Мысалы, Алматы облысында сапалы ауыз сумен 40 мыңнан астам адам қамтамасыз етілмеген (Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ақсу және Қарасай аудандарының адамдары). Қазіргі уақытқа дейін Молалы ауыл аймақтарының елді мекендерінің бір де бірі "Ауыз су" аймақтық бағдарламасына енгізілмеген. Оларды сумен қамтамасыз ету жүйесі өткен ғасырдың 30-шы жылдарында салынған, ал олардың күрделі жөндеуі 1956 жылдан бері жүргізілмеген. Мұндай жағдай Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және басқа облыстарда кездеседі. Бағдарламаны іске асыру нәтижесіне жүргізілген талдау ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіндегі тежеуіш факторларының бірі пайдаланылатын кәсіпорындардың болмауы немесе материалдық-техникалық жабдықтаудың жеткіліксіздігі екенін көрсетті. Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда оның әкімшілері су құбырлары мен басқа нысандарды салуға қызу кірісті. Былайша айтқанда, олар соншама көп қаржыны тезірек игеруге ұмтылды. Сондықтан, су шаруашылығының құралдарын ұстау және пайдалану үшін материалдық негізді дайындау жұмысы ұмыт қалған немесе кейінгі орынға сырғып кеткен. Соның салдарынан, халықтың ақшасына салынған нысандар ұзақ уақыт қараусыз қалып, кейбірі талапайға түсіп кетті. Мысалы, Жамбыл облысы Қордай ауылында 2004 жылдың басында 92 млн. теңгеге салынған су құбыры желісі арнайы пайдалану мекемесі болмағандықтан тапсырылмаған. 4 жылдың ішінде олар талапайға түсіп, қазіргі уақытта пайдалануға жарамсыз болып қалған. Облыстық прокуратура Ауыл шаруашылық министрлігі Су қорлары жөніндегі комитеттің лауазымды адамдары мен мердігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғап, оны қаржы полициясына жіберді. Ауылдық жерлерде қайта салынған сумен қамтамасыз ету нысандарында пайдалану және оны баптап ұстау механизмі жоқ болып шықты. Мысалы, ауылдардағы сумен қамтамасыз ету жүйесі ауыл әкімдерінің қызметіне берілсе де, оларға қажетті пайдалану құралдарымен және мамандармен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан, көптеген әкімдер су құбырлары желілерін кәсіпкерлерге тегін өткізіп беруге мәжбүр болды, ал олар ауыз суды тұрғындарға жоғары бағамен сатады. Әрине бұл ешқандай мемлекеттік органдармен келісілмеген және ешбір құқықтық құжаттармен рәсімделмеген. Ал жаңа меншік иелері көбінесе жазғы және қысқы уақыттарға су құрылғыларын жұмысқа дайындамайды, олардың мемлекеттік немесе бөгде мүлікке қосымша шығыс шығарғысы келмейтіні түсінікті. Мұндай әрекеттердің салдарынан су құбырларының санитарлық-техникалық жағдайы төмендейді, сонымен қатар су алуға негізсіз тиым салынады. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Жәнібек және Қаратөбе ауыл аймақтарының халқы ауыз судың 1 текше метріне 250-300 теңге төлеуге мәжбүр, ал Орал қаласында осы мөлшердегі су 46 теңге ғана тұрады. Ауыл адамдары судың қымбаттылығы мен тұрақты жоғары табыстарының жоқтығынан көбінесе суды түрлі бөгендерден алуға мәжбүр. Ақмола облысының Жақсы ауданындағы Баяғыз ауылының 117 адамы ақшалары болмағандықтан осындай қымбат ауыз судан бас тартып, бактериологиялық көрсеткіштері бойынша ішуге жарамайтын тазартылмаған өзен суын ішіп отыр. Бұл тексеру қорытындысы мемлекеттік органдардың "Ауыз су" бағдарламасының жүзеге асыруға жауапсыз қарап, соның салдарынан ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мәселесін бетімен жібергендерін көрсетті. Прокурорлар тексеру қорытындысы бойынша барлығы 17 құрылыстық-экономикалық сараптама тағайындады, 131 ұсыныс және 23 талапарыз енгізді, олардың 12-сі 73 млн теңгеге қанағаттандырылды. Сондай-ақ, 6 ашық конкурстың нәтижесінің күші жойылды, 34 лауазымды адам, олардың 16-сы сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілікке тартылды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 33 іс қозғалды, өндірістік шешім қабылдау үшін қаржы полициясына 17 материал жіберіліп, олардың кейбіреулері бойынша қазірдің өзінде қылмыстық іс қозғалды. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін