Жарияланды: 860

Ауыз суға жарымаған Малайсары ауылы жан-жануармен бірге суаттан шөл басады

Алматы облысындағы ауылдардың әлеуметтік ахуалы сын көтермейді. Жарықсыз, сусыз отырған елді-мекендерден көз сүрінеді. Соның бірі Малайсары ауылы. 500-ге тарта тұрғыны бар ауыл 19 жылдан бері таза су ішпеген. Көктемде сел жүргенде жалғыз бастаудың өзі бітеліп қалады екен. Былайғы уақытта мал мен ит-құс шөлін басатын суаттың суы Малайсарылықтардың жалғыз көз қуанышы. Ал жергілікті басшылық су қажет болса тағы 10 жыл күтіңдер деп салды.

Қара суды қанып ішпеген елдің көкірегіндегі шер қара тастан зіл. Өлдік-талдық деп мұңайған Малайсарылықтар таң алакеуімнен қызыл іңірге дейін жалғыз көшеге жиналады. Қауқылдасып қайтпайды, қарақұрым халық қайткенде қара суға қарқ болудың амалын іздейді. Қарақаты тұрмақ қара ағашы қураған ат төбеліндей ауылдың адамдары таза суды татпағанына 20 жылға жуықтаған. Ылдида жалғыз бастау бар. Малайсарының малы да, ит-құсы да, адамы да осында шөлін басады.

Клара Ақшолақова, Малайсары ауылының тұрғыны:   

- Бір тасталған қышлақ сияқтымыз. Көктем кезінде арықты су алып кеткен кезде сол суды әкеп тұндырып ішеміз. 10 күнге дейін сел ағады. Таза су ішпейміз ешқашан. Түс кезінде мал келеді сонда ішіне не жасамайды?! Соны алып ішіп жатырмыз.

43 түтіні бар елді-мекенге табиғаттың өзі тарпаң қылық қылады. Сел жүрсе жалғыз бастау бітеледі, жаңбыр жауса көшедегі қоқыс біткен арыққа ағады. Құдайдың құтты күні судың беті құрт-құмырсқа толы. Амалы жоқ ауыл су алады бірақ. Ал ауыл әкімінің жүзін жұрт жылдап көрмейді екен.

Қайша Нөсербекова, Малайсары ауылының тұрғыны:

-Әкімге айта-айта шаршадық. Ақша бөлінеді дейді, колонка жүргізбейді. Біз керексіз адамбыз, 40 үй бармыз ешкімге керегіміз жоқ.

Көшенің әр шетінде қылтиған құбырлардың да өз мәні бар. Кезінде салқын суды қанып ішіпті бұл халық. Қаталап кенезесі кепкен ел жан-жануар шөлін басқан суатқа барып жан бағады. Лас-лай суды ішкен жұрт ауылда колонка болған кезді есіне алса көңілдері жайланады. Бірақ судың да сұрауы бар екенін сол кезде аңдамаған ауылдың қақ ортасындағы мына қу темірлер 18 жыл бұрын жұмыстарын тоқтатқан. Айтқан сөздің өтірігі жоқ. Ауыл бау-бақша егіп, асып-тасқан мезгіл кеше ғана. Бірақ 1993 жылы ұжымшарлар ыдырағанда ауылдың колонкалары сынып, су беретін құрылғылары құрыған. Қазір азаматтар қанша барса да, қылар қайрат жоқ. Ауыл әкімі бұрын бастама көтеріпті, бірақ елдің көңілін қалдырған.

Қожахан Өмірәлиев, Малайсары ауылының тұрғыны:

-Ақша жинаңдар біз глубина насосты алдыру үшін деді. 2 миллион. Оны ауылдағы пенсионер қайдан алады. Мында таза істейтін 20-30 азамат.

Кербұлақта талай істің кері кеткенін көз көрді. 15 ауылдық округ пен 65 елді-мекенді қойнына алып сусыз қатырып, жарықсыз жылатқан аудан бұл. Малайсарының әкімі жанға жайлы көрші ауылға көшіпті, ауданның әкімі ол да жоқ. Ал қараша елдің мұңына басымен жауаптылар “қырығына шыдаған қырық біріне шыдайды” деп қарап отыр.

Болысбай Момбаев, Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары:

-Малайсары туралы елдің айтқанын біз жала деп айта алмаймыз. Алдымда сол ауыл тұрғындарының арызы жатыр. Ол шаруа қазір қаралып жатыр, біздің кешінді жоспарымыз бойынша 2019-2020 жылға қалып отыр.

Аядай ауылдың жалғыз көшесіне су тартуға қыруар қаржы керек деп топышалады Момбаев мырза. Демек Малайсарылық әлі 10 жыл суаттың суын малмен бөлісіп ішпек. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін