Автотұрақ заңсыз жұмыс істеген - kaz.caravan.kz
  • $ 487.02
  • 552.23
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Автотұрақ заңсыз жұмыс істеген

Автотұрақ заңсыз жұмыс істеген

Ақтөбеде вокзалдың автотұрағын басқаруға алып, ақша жинап келген кәсіпкердің әрекеті заңсыз болып шықты.

  • 6 Қыркүйек 2019
  • 19
Фото - Caravan.kz


Бизнесменнің "барлық жағдайды жасаймын" дегені құр уәде болып қалғаны былай тұрсын, тіпті мемлекеттік-жеке меншік серіктестік жөніндегі әкімдікпен жасаған келісім-шарты да дұрыс емес екен. Былықтың бәрі прокурорлардың тексерісі кезінде әшкере болған. Енді кәсіпкерге қандай шара қолданады? Майшелпекке айналған нысан енді кімнің қолына өтпекі?

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Осыдан бір жыл бұрын көлік тұрағын жекенің қолына беріп жатып, қалалық әкімдік мақтауын асырған еді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында вокзал маңы адам танымастай өзгеріп, өркениетті елдердегідей болады деп уәдені де үйіп-төкті. Тіпті, барлығы автоматтандырылып, электронды түбіртек берілетіні айтылды. Алайда, айтылды да, қалды.

БАҚЫТЖАН ЕШМАҒАМБЕТОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Аталған жер учаскесі, пайдаланып отырған — тиісті рәсімделмеген. Жалпы сомасы 14 млнға инвестиция салу керек. Осы шартты орындамаған.
—          Қазір ақша жинап жатса, ол заңсыз ба?
—          Барлығы заңсыз болып есептеледі»

Келісім-шартта кәсіпкерге арнайы өткізу пункттерін орнатуға үш ай берілген. Тексеруге барғандар оның біреуін де таппапты. Ал мынадай электронды түбіртек беретін автоматтар жұмыс істемей тұр. Оны бақылайтын әкімдіктік те жобаға жүрдім-бардым қараған.

Прокурорлар әкімдік пен кәсіпкер арасындағы келісім-шартты бұзып, бұл жерден енді ақша талап етпейтін болады дегенімен, ол сөз жүзінде қалып отырған сыңайлы. Біз әдейі көлік тұрағына келгенбіз, біздің көз алдымызда жүргізушілерден ақы алды. Оның мынадай түбіртегі де бар.

Тұрақты 5 жылға сенімгерлік басқаруға алған кәсіпкер прокурорлардың шешіміне пысқырмаған да сыңайлы. Жұмысшылар баяғысынша жеңіл көліктерден 100 теңге, жүк көліктерінен 150 теңге алып жатыр. Ал көлік жүргізушілері болса, төлемнің кімге түсіп жатқанынан да бейхабармыз, дейді.

Мен простой халықпын. Сөзім жүрмейді ғой оған, парковщикке.
—          Жалпы қажет пе осындай парковкіге ақы төлеген?
—          Қажет емес. Кіріп-шыққан сайын 100 теңге төлей бермейміз ғой.

Сол маңдағы жүргізушілер де автотұрақ жекенің қолына өткелі пайдасынан гөрі зиянын тарттық деп шу ете қалды. Тар жерде кептеліс жасап, талай мәрте көлігіміз түйісті, дейді.

ӘМИНА ШҮРЕНОВА, ТҰРҒЫН: «Ешқандай жағдай жоқ, не мынау? Ана темірлер қисық-мисық, түсіп жатыр. Вообще жағдай жоқ вокзалда. Бәрі платно, 100 теңге алады. Бізге не жалдко, но қаптаған машина соқтығысып жатыр»

ОРЫНБАСАР МАХАМБЕТОВ, ТҰРҒЫН: «Мынадай жер қалай ақылы жұмыс жасайды? Өзіңіз ойлаңызшы, 4 метр жерге қалай ақылы жұмыс істейді олар?»

Қалалық әкімдіктегілер «Ақтөбе паркингтің» өкілдері бүгін автотұрақтан кетеді деп сендірді. Оның орнына кім келетіні де анықтап қойыпты.

ҚАМБАР МҰҚАШЕВ, ҚАЛА ӘКІМІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: «Мемлекеттік мекеме соның орнын басатын болады. Алдағы уақытта тегін бола ма, болмай ма  оны осы «Ақтөбе паркингтің» орнына келген мекеме шешеді.»

Нысандағы олқылықтардың барлығын қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бақылауы тиіс екен. Алайда шенділер нысанды сенімгерлік басқаруға беруін беріп алып, бақылауға көз жұма қараған. Енді сол үшін ескерту алып, сөгіс естіді. Бұл әкімдіктегілерге сабақ бола ма , жоқ па- уақыт көрсетеді.