Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата заң - тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата заң - тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы

Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата заң - тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы

Қазақстан үшін, ел халқы үшін аса қастерлі мерекелердің бірі - Конституция күні екендігі сөзсіз.

  • 30 Тамыз 2015
  • 642
Фото - Caravan.kz


Бүгін, міне, осы Ата заңымыздың қабылданғанына 20 жыл толып отыр. Тарихқа сәл кейін шегінер болса, 1994 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Әділет министрлігіне Қазақстан Конституциясының жобасын әзірлеуге тапсырма берген болатын. 

Еліміздің беделді заңгер ғалымдарымен қатар Францияның Конституциялық кеңесінің өкілдері, осы елдің Мемлекеттік Кеңесінің мүшелері, Ресей зерттеу орталығының ең беделді заңгерлері қатысқан жобалық жұмыс араға бірнеше айлар салып, өз жемісін беріп, бүгінгі Ата заңымыздың негізін қалады. Айта кетерлігі, Конституциямыздың жобасын талқылау ісінен қарапайым халық та тыс қалған соң. Бүгінгі күнгі қолда бар ресми деректерге қарағанда, еліміз үшін басты құжатты талқылау ісіне 3 млн. 345 мың адам қатысыпты. Қарапайым халық тарапынан 31 мың 886 ұсыныс түссе, соның 1 мың 100-і Конституция жобасына енгізілген екен. 
Осылайша, сан мәрте сүзгіден өтіп, артық кемі қырналып, жетіспеген жері толықтырыла түскен Конституциямыз 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданды. Дәл осы заңымыздың қабылдануына Қазақстанда дауыс беруге құқы бар сайлаушылардың 90,58 пайызы қатысып, оның 89,14 пайызы қолдаған болатын. 
Бүгінгі күні Қазақстанның Конституциясы мемлекеттің негізгі заңына қойылатын заманауи барлық талаптарға сай келетіндігі сөзсіз. Бұған қоса, қабылданғанына 20 жыл толған Ата заңымыз сол кезеңнің өзінде-ақ еліміздің саяси жүйе қағидатын жаңғыртып, қоғамдағы партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының дамып, кеңінен қанат жаюуына зор мүмкіндік жасаған еді. Мұны күні кеше елорда төріндегі Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылдануының 20 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан-ды. 
«Дәл сол 1995 жылы саяси жүйе қағидатты түрде жаңарды. Конституцияның қабылдануымен қоғамда партияның, азаматтық сектордың жаңа ҮЕҰ-дармен, тәуелсіз БАҚ-тармен дамуы үшін қолайлы жағдайлар пайда болды. Осынау есте қаларлық жылда Қазақстан халқы Ассамблеясы өмірге келді. Референдумда Конституция жобасына қолдау көрсетудегі, барлық этностарды патриоттық негізде топтастырудағы ең алғашқы тарихи рөл де Ассамблеяға тиесілі. Қазір біз оның да 20 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтудеміз. Біздің Конституциямызда бүкіл қазақстандықтар қолдауына ие ортақ құндылықтар айқын баяндалған. Ол  — азаматтарға жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дініне және басқа да белгілеріне қарай қысым жасауға қатаң тыйым салу. Осы негізде бүкіл халықтың арасында бейбітшілік, келісім мен бақуаттылық қамтамасыз етілуде», — деген еді Мемлекет басшысы. 
Заман ағымына сай кез келген дүниенің өзгеріске ұшырап отыруы заңдылық. Ата заңымыз да бірнеше мәрте өзгеріске ұшырап, қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Мәселен, 1998 жылдың қазанында Конституцияға енгзіліген түзетулер еліміздегі саяси партиялардың рөлін күшейте түсуге бағытталған болатын. Келесі зор өзгертулер 2007 жылы жүргізілді. Есте болса, сол жылдың 16 мамырында Парламент палаталарының бірлескен отырысына арнайы қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Конституциямызға саяси реформаларды дамытуға, халық билігін кеңейтуге арналған ұсыныстар жасап, ол халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болған еді. Міне, сол кезде Ата заңымызға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бүгінгі таңда еліміз президенттік басқарудан президенттік-парламенттік басқаруға ауысты. Президенттің өкілеттілігі 7 жылдан 5 жылға қысқартылды, Парламенттің өкілеттігі біршама кеңейді, Конституциялық кеңес, Орталық сайлау комиссиясы, республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті сияқты маңызды мемлекеттік органдар құрамының үштен екісін Парламент бекітетін болып шешілді. Сонымен қатар Сенат Жоғарғы сот судьяларын тағайындап, Бас прокурорды, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын Президенттің тағайындауына өз келісімін беретін болды.
Міне, осылайша жан-жақты сараланып, кем-кетігі түзетіліп, толықтырыла түскен Ата заңымыздың ережелерін басшылыққа ала отырып, Қазақ елі талай қиындықты еңсерді. Дамудың даңғылына түсті. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу сынды алдына зор мақсат қойған, әлем елдері алдында зор құрмет пен беделге ие абыройлы мемлекетке айналды. Мұны да Елбасымыз кешегі күні өткен халықаралық жиында айрықша атап өткен болатын. 
«Барлық көшбасшы елдерде табыстың екі басты құрамдасы бар екенін тарих көрсетіп отыр. Біріншісі — серпінді экономика және жаңғыру. Екіншісі — тұрақты конституциялық жүйе және орнықты мемлекет. Осынау екі фактор ХХІ ғасырда Қазақстанға да толық дәрежеде қажет», — деген еді Мемлекет басшысы.
Расында, Қазақстан табысқа жетуі, әлемнің көшбасшы еліне айналуы үшін барлық мүмкіншілігі бар. Мәселен, бүгінгі түрлі қиындықтарға қарамастан елімізде үдемелі индустриалды-инновациялық даму, «Нұрлы жол» сынды еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бағдарламалар табысты жүзеге асырылуда. Конституциялық жүйеміз де, мемлекетіміз де тұрақты. Демек, алдағы уақытта Ата заңымызға арқа сүйеп, дамудың осы даңғыл жолын одан ары жалғастыра берсек, әлемнің дамыған елдерінің қатарынан табыларымыз анық.
Елбасының сөзімен қорыта айтар болсақ, азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң — тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы, сан буын ұрпақ алмасса да ескірмейтін, жыл өткен сайын жаңғыра беретін құндылықтар жинағы.

Соңғы жаңалықтар