"Ажырасу 720 теңге тұрады" Қазақстанда соттасу қымбаттауы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Ажырасу 720 теңге тұрады" Қазақстанда соттасу қымбаттауы мүмкін

"Ажырасу 720 теңге тұрады" Қазақстанда соттасу қымбаттауы мүмкін

Сенаторлар ұсақ-түйек мәселелердің сотқа түсуін азайту мақсатында мемлекеттік бажды көбейтуді ұсынды.

  • 14 Ақпан 2019
  • 32
Фото - Caravan.kz

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың пікірінше, мемлекеттік баждың соттағы мөлшері медиатор қызметінің құнынан кем болмауы керек, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін сенатта "Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Конституциялық заңының жобасы қаралды. Сұрақ-жауап барысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы соттардағы мемлекеттік бажды көтеруді ұсынды. Айтуынша, біздің елде мемлекеттік баждың соттардағы мөлшері өте төмен.

"Мәселен, көршімен соттассаңыз, 1200 теңге төлейсіз. Ажырасу – 720 теңге. Мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың жеке тұлғалардың құқықтарына қысым жасайтын заңсыз іс-әрекеттеріне 950 теңге төлейсіз. Ал әлемнің дамыған мемлекеттерінде соттасу көп шығынды қажет етеді", — деді ол.

Мысалы, оның айтуынша, Англияда төменгі сотқа талап етудің ең төменгі алымы – 17 мың теңге. Округтік апелляциялық сот – 68 460 теңге, жоғарғы сотта – 117 360 теңге. Ал Франция мен Германияда 15 мың теңге болса, көрші Ресейде 10 мың теңгені құрайды екен.

"Осыған байланысты ұсақ-түйек мәселелердің сотқа келуін азайту мақсатында мемлекеттік баждың соттардағы мөлшерін көтеруге қатысты пікіріңізді білгім келеді", — деді Бақтиярұлы.

Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов статистиканы мысалға келтірді.

"Осыдан үш жыл бұрын, 2016 жылы соттардың қараған істері мен материалдарының саны 1,7 миллион болған. 2017 жылы – 2,7 миллион. Ал былтыр өсім 68% болды, яғни сотта 4,5 миллион іс пен материал қаралған. Бұл салмақтың бәрі бірінші сатыдағы судьялардың мойнына түседі. Егер ешқандай шара қабылдамасақ, биыл соттар қарайтын істер саны 9 миллионға жетуі мүмкін", — деді Асанов.

Ол сенат депутаты көтерген мәселемен келісетінін атап өтті.


"Бізде қаралатын істердің 85 проценті – азаматтық даулар. Ондағы мемлекеттік баждың құны 5 мың теңгеден аспайды. Сіз айтқандай, ажырасу бізде 720 теңге тұрады, ал Беларусьте теңгеге шаққанда 13 мың теңге, Украинада – 19 мың теңге. Сосын көршімен жерге талассаңыз, 1203 теңге төлейсіз. Көбісі мемлекеттік баж өте төмен болғандықтан, татуласудың, келісудің жолын іздемейді. Медиаторға жүгінбейді, өйткені ол қымбатқа түсуі мүмкін, сондықтан тікелей сотқа барғанды жөн көреді", — деді жоғарғы сот төрағасы.

Асанов мүдделі органдармен келіссөз жүргізіліп жатқанын, 20 наурызға дейін тиісті заң жобасы мәжіліске енгізілетінін айтты.

"Менің ойымша, бұл мәселе де ол құжатта шешілуі керек. Әрине, көп көтеруді мақсат етіп отырған жоқпыз. Кемінде медиаторлардың қызметінің құнынан кем болмауы керек деп есептейміз", — деді Асанов.

Айта кетсек, сенат мәжіліс мақұлдаған "Қазақстанның сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ҚР Конституциялық заңының жобасын қабылдады.

 

Соңғы жаңалықтар