Б. Сапарбаев: Әкімдіктердің міндеті - бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу
![]() |
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Таразда жергілікті атқарушы органдардың басшылары, |
қоғам өкілдері, кәсіпкерлік қауымдастығының қатысуымен Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапарының қорытындыларын шығарды.
Бағаның белгіленуіне бақылау жүргізу, жұмыс орындарын сақтау және жалақыны уақтылы төлеу туралы айта келе, ҚР вице-премьері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет барлық әлеуметтік міндеттемелердің қамтамасыз етілу бойынша кешенді шараларды қабылдап отырғанын атап өтті.
«Қазақстанда әлеуметтік-маңызды 33 тауардың ішінде тек қант пен шай шығарылмайды. Оны біз сатып аламыз. Қалғандарының барлығын өздеріміз шығарып отырмыз және өз-өзімізді қамтамасыз етуіміз керек. Бүгінде барлық дүкендерде, қоймаларда өнімдердің бір айлық қоры бар. Сондықтан әкімдіктердің бірінші кезектегі міндеті - бағалардың өспеуін қадағалап отыру», - деді Б.Сапарбаев.
ҚР вице-премьері Жамбыл облысының өз-өзін қамтамасыз етуі үшін қорлары бар екенін айтып, аймақтағы бағалардың тұрақтылығы мен тыныш әлеуметтік жағдайды атап өтті, жергілікті билікке «Нұр Отан» партиясының филиалдарымен бірлесіп сауда нүктелерінде азық-түлік бағаларының мониторингін жүргізіп, бағалардың негізсіз өсуін қадағалап отыруды тапсырды.
Ол сондай-ақ кадрларды қысқартуды жәрдем қаражат пен кәсіби біліктілікті арттыруды қарастырып отырған «Жол картасы» арқылы болдырмау мүмкіндігін айтып өтті.
Отырыс барысында сондай-ақ аймақтың 9 қазанда Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге дайындығы қарастырылды.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін