Орталық өкілінің ақпаратына сәйкес, «GLOVE-В ( техникалық жіктеу бойынша GSTB-V2/B) ғарыш аппараты №112 алаңның монтаж-сынақ корпусында тексерулер циклынан өтіп, қазір жанармай құю үшін таза камераға көшірілді. Жұмыстарды StarSem компаниясының мамандары «Прогресс» орталығы мен шетелдік мамандардың қатысуымен жүргізуде.
Сонымен бірге, №31 алаңның монтаж-сынақ корпусында ресейлік Лавочкин атындағы ғылыми-өндірістік бірлестігінің мамандары, «Байқоңыр» Федералдық ғарыш орталығы мен «Вымпел» тәжірибелік-конструкторлық бюросының мамандары 28 -наурызда ғарыш айлағына жеткізілген «Фрегат» үдеткіш блогының дайындық жұмыстарын жүргізуде. «Фрегат» үдеткіш блогының көмегімен GLOVE-В ғарыштық аппараты 23 мың шақырымдық мақсатты орбитаға шығарылады.
Салмағы 700 килограмдық GLOVE-В жер серігі Еуропаның Galileo навигациялық жүйесін дамытуға арналған. Жер серігі 23 000 шақырымға жуық орбитада 56 градусқа ылдилай орналасады. Жер серігі 12 жыл белсенді жұмыс істеуге тиіс.
Galileo — Еуропалық ғарыш агенттігінің жобасы. Ол Еуропаның өзіне тиесілі, тәуелсіз, ғаламдық навигациялық жер серігі жүйесі. Жобаға Еуропалық қоғамдастық елдерімен қатар Қытай, Израиль, Оңтүстік Корея, Украина мен Ресей де қатысады.
АҚШ-тың ғаламдық GPS навигациялық жүйесі мен Ресейдің ГЛОНАСС навигациялық жүйесінен ерекшелігі — Galileo жүйесін мемлекет те, әскери құрылымдар да бақыламайды.
Galileo жүйесіне 30 жер серігі (27 операциялық және 3 қосалқы) енеді және ол Жер бетіндегі заттарды 5-10 метрлік қателікпен тануға қабілетті. Galileo жүйесі АҚШ-тың GPS және Ресейдің ГЛОНАСС жүйесімен бірлесе жұмыс істей алатын болады.
GLOVE-В ғарыштық аппаратын «Союз-ФГ» зымыран тасығышының көмегімен 2008 жылдың 27-сәуірінде ұшыру жоспарланған.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Казахстан Сегодня» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті