Жарияланды: 30

«Бала дауысы» - бала арманын орындайды

«Бала дауысы» - бала арманын орындайды

Алматыда «Бала дауысы» балалар ән байқауының қорытындысы шығарылды.

Байқаудың бесінші маусымын Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры Нұрсұлтан Назарбаев Қорының, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткізді.

Еліміздің 14 аймағынан, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласынан 20 бала байқау финалисті атанды. Олар 8 жастан 12 жасқа дейінгі 4 135 бала қатысқан іріктеуден өткен өз аймағының үздік өкілдері.

Финалистер «Бала дауысының үздік әндері» концерттік бағдарламасында 2016 жылдан байқау аясында жазылған авторлық балалар әндерін орындап, өнерлерін паш етті.

«Ұмайдың мейірімді ертегілері» гала-концертті жас дарындардың үлкен сахнаға жол ашатын үлкен мерекесіне айналды. Байқауға қатысушылар, қазақстандық әртістер жаңа авторлық әндерді, қазақ және әлем эстрадасының танымал әндерін көрермен назарына ұсынды.

Әр қойылым балалардың жоғары әлеуетін көрсетті және жарқын, ұмытылмас шоу болды. Сондықтан кәсіби қазылар алқасы үшін байқау жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ.

Маңғыстау облысының намысын қорғаған Армен Саакян 5-маусымның Гран-при иегері атанып, оған Ұлттық өнер академиясында білім алу гранты табыс етілді.

I орынды Ақтөбе облысының жас әншісі Аққұлов Айдар иеленді.

II орынды Павлодар облысынан Лейла Цечоева мен Жамбыл облысынан келген Бекмұхамед Ғазизжанұлы теңдей бөліп алды.

III орын Алматы қаласынан Руслан Әміраслановқа, Маңғыстау облысынан Айар Қимағанбетке, Алматы қаласынан Әбілқайыр Жұмабайға және Атырау облысынан Олес Кузьминаға бұйырды.

«Ел таңдауы» телекөрермендердің арнайы жүлдесін Ақтөбе облысынан келген Айдар Аққұлов ұтып алды!

Жеңімпаздарды және байқауға белсенді қатысқан барлық жас таланттарды құттықтаймыз. Шығармашылықта табыс пен амандық тілейміз!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін