Жарияланды: 330

Балабақшада бүлдіршіндерді көлігімен таптап кеткен Т. Семченко 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылды

Балабақшада бүлдіршіндерді көлігімен таптап кеткен Т. Семченко 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылды

Бүгін Әуезов аудандық соты балабақшада 5 жасар бүлдіршінді таптап кеткен Тойота Лэнд Крузер жүргізушісі Татьяна Семченкоға қатысты сот үкімін шығарды.

Судья Бақытжан Исенов айыпталушының өз кінәсін толық мойындауына байланысты Қылмыстық Кодекстің 345-бабы, 3-бөліміне сәйкес оны кінәлі деп тауып, 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазасын қоныс-колонияда өтеу туралы үкім шығарды.

Сондай-ақ, айыпталушы 5 жыл бойы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Т.Семченконың қорғаушысы судьяға айыпталушының денсаулығына байланысты бас бостандығынан айырмай, басқаша жаза қолдануды сұрап өтініш жазды. Татьяна Семченко қатерлі ісік дертінің 3-4 кезеңінде екен. Осыған байланысты қос тарап арасында процессуалды келісім жасалды.

Процессуалды келісім аясында прокурор айыпталушыны 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырып, жазасын қоныс-колонияда өтеуін сұраған болатын. Өз кезегінде Татьяна Семченко кінəсін толығымен мойындайтынын жеткізді.

"Мен кінəмді өмір бойы арқалап өтемін. Мені қамаудан босатып жапа шеккен балалардың денсаулығын оңалтуға мүмкіндік беруіңізді сұраймын. Менің көлігім түрлі төтенше жағдайлардан сақтандырылған. Оны қорғаушым анықтады", - деді Т.Семченко.

Айта кетейік, төтенше жағдай 20 мамырда болған еді. «Тойота Лэнд Крузер» көлігі №58 балабақшаның шарбағына соғылып, аула ішіндегі үйшікті қиратқан болатын. Сол сәтте алаңда ойнап жүрген 5 жастағы балдырған қыз көз жұмды, сегіз бүлдіршін ауруханаға жеткізілді, олардың екеуі жансақтау бөліміне түсті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін