Балалар қазіргі таңда замануи билерге көбірек қызығады - Ислам Әміров - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Балалар қазіргі таңда замануи билерге көбірек қызығады - Ислам Әміров

Балалар қазіргі таңда замануи билерге көбірек қызығады - Ислам Әміров

Балалар шығармашылығында не нәрсеге көбірек мән беру керек? Қазіргі таңда балалар арасында қандай үйірмелер қазіргі тілмен айтқанда трендте?

  • 13 Наурыз 2019
  • 97
Фото - Caravan.kz

Осы және өзге де сұрақтарға Атырау қаласы Бержан Қанатбаев атындағы орта-мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Ислам Әміров жауап берді.

— Қазіргі балалар шығармашылыққа қаншалықты мән береді? Жас өрендер шығармашылықтың қай түріне көбірек қызығады?

— Қазіргі таңда балалардың шығармашылыққа мән беруі, ден қоюы өте жоғары. Күнде жұмыс барысында болсын, тәжірбие барысында болсын көріп жүрміз. Әр бала әртүрлі талантты. Біреуі музыка мектебіне барса, екіншісі би мектебіне барады, өзгесі спортқа дегендей. Балалар қазіргі таңда өзінің білімімен қатар, шығармашылық әлеуетін, шығармашылық қабілетін дамытуда. Баламен қатар, ата-ана да баласының біліміне мән бергендей, шығармашылық даму жағына да мән беріп келе жатыр. Бұл нәрсе жақсы бір тенденция деуге болады. Ата-аналардың да, балалардың шығармашылыққа қызығуы қызғарлықтай, іштей қуанатындай жағдай.

Қазіргі балалардың басым көпшілігі би өнеріне, қазіргі замануи би түрлеріне баратындар көп. Бұрынғы балалар халықтық, ұлттық биге жақын болса, қазір өрендер заманауи билерге жақын. Бүгінде болашақ актерлерге арналған үйірмелер, яғни болашақ әртістерді дайындауға арналған үйірмелер көбірек ашылып жатыр. Мұндай үйірмелерге қатысу арқылы балалар шешен сөйлеуге, өз-өзін ұстауға, көркем-сөз, ән-биден алатын әдіс-тәсілдерді осы жерден меңгереді. Көпшілік балалар актерлерлік шеберлікті үйреніп, осындай үйірмеге баратын балалар көбейген. Атырауда болсын, Маңғыстауда болсын осындай актерлік шеберлікке арналған үйірмелер көбейген. Жекеменшік мектептердің өзінде актерлік шеберлікке үйрететін үйірмелер көбейген. Баланың өзін-өзін ұстай алуын, өзін-өзі тәрбиелеуге, көпшілік алдында сөйлей алуға, көпшіліктің алдында эмоциясын білдіруге үйрететін актерлік шеберлік үйірмесіне қатысатындар саны артып отыр. 

Өзім мұғалімдіктен бөлек, жаз мезгілінде лагерьде де қызмет етемін, онда да балалармен жұмыс істейміз. Сол жерде жүріп байқағаным, қазіргі балалардың басым көпшілігі хип-хоп үйірмесіне, заманауи би түрлеріне қатысқысы келеді. Замануи би үйірмесіне 50-60 бала жазылады, бірақ маманның аздығына байланысты ол балалардың санын азайтуға тура келіп жатады. Балалардың  шығармашылық ән бағыты бойынша дамуына біздің жерлестеріміздің жан-жақта жетістікке жетуі де әсер етуде. Мысалы Димаш сияқты, Данэлия сында талантты жастардың биікке жеткенін көрген бала “Сол секілді боламын, менің де сол секілді дауысым болса екен, сол кісілермен бірге ән айтсам екен” – деп армандайтын, тіпті өз алдарына сондай мақсат қойған жас өрендер өсіп келе жатыр. Бұрындары оқушылар, жас жеткіншектер түрік, корей актерлеріне, әншілеріне ұқсағысы келетін болса, ал қазір балалар өзіміздің Димаш сияқты дарындарға, өзіміздің қазақ жұлдыздарына ұқсағысы келетін болған, олардан үлгі тұтатын болған. Бұған біз ата-ана болсын, ұстаздар болсын қуануымыз керек деп ойлаймын.

— Мұғалім ретінде, ұстаз ретінде айта аласыз ба? Қазіргі таңда балалар шығармашылығына байланысты байқаулар елімізде әділетті өте ме? Әлде…

— Осыдан 2-3 жыл бұрын байқаулар әділетсіз өтіп жүрді. Оған әлеуметтік желіде адамдардың белсенді болмауынан бір жағынан жабық түрде өтетін байқаулар көп болды. Қазіргі кезде, бұрынғыға қарағанда әділетсіздіктер бәсеңдеп, байқаулардың басым көпшілігі әділетті өтетін болды. Оның ішінде, байқаулардың ашық форматта өтуі, байқауларға жергілікті арналарды шақырып, оның тікелей эфирде өтуі, халықтың әлеуметтік желі арқылы еркін пікір білдіруі, соның барлығы байқаулардың әділетті өтуіне көмектесіп жатыр. Тағы бір балалар байқауының ішінде кереғар нәрсенің басқа түрі пайда болды. Балаларға арналған қорлар, ұйымдар пайда болды. Олар балалар шығармашылығын дамыту үшін әртүрлі байқаулар ұйымдастырады. Бірақ олардың барлығы ақылы түрде. Оған ата-ана ақша төлейді, ақша төлегеннен кейін мысалы 30 бала қатысса, оның барлығына 30 орынды бөліп береді. Яғни, ешкімді ренжітпейді неге? Өйткені олар ақша төледі. Сол үшін де сондай байқаулар балалардың іріктеліп шығуына, өзін қамшылауына кедергі келтіріп жатыр. Ақша төлегеннен кейін, әртүрлі қорлар, ұйымдар өз пайдасын ойлап, балалардың кәсіби жетілуіне қатты ден қойып жатқан жоқ. Соларды қолға алатын, сондай ұйымдарды реттейтін ұйым керек сияқты.

— Ата-ана баланың шығармашылығын дамыту үшін не нәрсеге көбірек мән беру керек?

— Қазіргі таңда, көптеген ата-ана “Балам домбырада тартса екен, скрипкада ойнаса екен немесе фортепианода ойнаса екен” – деп баланың қызығушылығынан көрі, өздерінің ойындағы дүниені жасағанды жақсы көреді. Ондай жайттарды көп көреміз. Туыстарымыз болсын, өз оқушыларымның ата-аналары болсын солай жасап жатады. Бес жыл бойы домбыра сыныбында оқыған бала, екі-үш жылдан кейін домбыраны ұмытып қалып, “қолым бармайды, қолым жүрмейді”, — деп жатады. Яғни, бала ол үйірмеге бекер қатысты деуге болады, босқа уақыты кетті деп айтуға болады. Ал егерде өзінің арманы болған, өзінің қызығушылығымен қатысқан үйірме болса, онда баланың үйренгені өмір бойы есінде сақталып қалар еді. Үйренгенін ұмытпай, әл күнге дейін сонымен айналысып, мүмкін өз мамандығын дұрыс бағытта ұстар ме еді?!

Біліммен қатар, ата-ана баланың шығармашылық қабілетіне жағдай жасап, қолдау көрсетіп, баланың қай жағынан бейім екенін қадағалап, біліп отырса онда бала мамандық таңдау кезінде де қателеспеуіне үлкен септігін тигізетін болады. Бұл жерде үлкен мәселе бар. Баланың мамандық таңдап, қателеспеуіне де шығармашылықтың үлкен әсері бар. Бала белгілі бір дәрежеде өзінің қызығушылығы бар,өзінің саласына қарай қызығады. Ата-ана баланың болашағын ойласа, баланың мамандық таңдау жағынан қателеспеуіне септігін тигізсе деймін. Мен өз басым ата-аналардан балаларының қандай да бір үйірмелерге қатысқанын сұраймын. “Балаңыз ақылы үйірмелерге қатыса алмаса, онда мектептегі тегін үйірмелерге, спорт мектебіндегі тегін үйірмелерге қатыссын”, — деп айтып жатамын. Бала шығармашылық жағынан өссе, бала қай жағынан да жақсы болып өседі. Сол нәрсе балаға көп көмегін тигізеді. Бізде ата-аналар кішкентай кездерінде орындай алмаған армандарын, балалары арқылы орындайды. Ата-ана өзінің емес, балаларының нені қалайды? Нені армандайды? Қандай үйірмеге қатысықысы келеді? Соның барлығын біліп, соған қарай биімдегені дұрыс деп есептеймін.

Сұхбаттасқан Ғалымжан Сәңкібаев

Соңғы жаңалықтар