“Баланы өнерге баулуда қысым көрсетпеу керек”: Өнер орталығының жетекшісі баламен жұмыс істеудің негізгі қағидаларымен бөлісті - kaz.caravan.kz
  • $ 475.03
  • 517.21
+21 °C
Алматы
2024 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Баланы өнерге баулуда қысым көрсетпеу керек”: Өнер орталығының жетекшісі баламен жұмыс істеудің негізгі қағидаларымен бөлісті

“Баланы өнерге баулуда қысым көрсетпеу керек”: Өнер орталығының жетекшісі баламен жұмыс істеудің негізгі қағидаларымен бөлісті

Өнерлі балалар - ел болашағы.

  • 24 Маусым
  • 2549
Фото - Caravan.kz

Баламен жұмыс істеу қажырлы еңбекті, сабырлық пен шыдамдылықты талап ететін жұмыс. Оның ішінде өнер саласында шәкірт тәрбиелеу, баланың бойындағы талантын ашып, жанарындағы отын сөндіріп алмау екі есе жауапкершілікті талап етеді.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі өнерлі балалармен жұмыс істеудің негізгі қағидалары туралы шәкірттері республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері атанып жүрген “Ақбота” өнер орталығының негізін қалаушы әрі жетекшісі Ақбота Серікқызынан сұхбат алған еді.

Ақбота Серікқызы “Ақбота” өнер орталығын толық таныстырсаңыз. Орталықта балаларды өнердің қандай салаларына дайындайсыздар?

— “Ақбота” өнер орталығы 2022 жылы өз жұмысын бастады. Бастапқы уақытта домбыра, би, актерлық шеберлік бағыттары бойынша 230 баланы қамтыдық. Қазіргі таңда 170 баланы өнерге баулып жатырмыз. 

Баламен жұмыс істеу оңай емес. Дегенмен, бізге өнерге жақын, құштар балалар келгендіктен білім алуға, дамуға, бойларындағы қабілетті одан әрі жетілдіру жолында өздерінде ынта болады. Өзі ізденіс үстінде болатын балалармен жұмыс істеу әлдеқайда оңай. Балалармен жұмыс қиындығы мен қызығы қатар жүретін сала деп айтар едім. Орталықтағы мамандар бізден білім алушы балалардың талантын барынша ашуға тырысады. Басқа нақты ғылым салаларымен салыстырғанда өнер жолындағы адамдардың болмысы ерекше болатыны бәрімізге белгілі. Біз теория мен қатар практиканы үнемі қатар алып жүретін адамдармыз. Бір шығарманы үйренуге қаншама уақытымыз бен энергиямызды, күш-жігерімізді арнаймыз. Сондықтан өнер адамдарыны адал еңбек пен маңдай тердің арқасында ғана жақсы нәтиже көрсете алады.

 Шәкірттеріңіздің қандай жетістігімен мақтанасыз? Олардың арасында үлкен сахнадан көрінгендері бар ма?

— Біздің орталық жұмыс істеп жатқан екі жыл ішінде 50-ден астам өнер байқауларына қатыстық. Бастапқы уақыттарда үшінші орындарды қанағат тұтатынбыз. Бірақ уақыт өте, тәжірибе жинақталып, оқушыларымыз да сахнаға төселгеннен кейін байқауларда гран при, бірінші орын секілді алдыңғы қатардан көрініп келе жатырмыз. Осы екі жыл ішінде атқарылған жұмыстарды көрсетіп, бірнеше рет үлкен сахналарда есеп беру кештерін ұйымдастырдық. Одан бөлек, атап айтатын жетістігіміз — кино саласы. Біздің орталықта екі кино түсірілді. Біріншісі — алты бөлімнен тұратын, Бақытжан Шахмарданұлының режиссерлігімен түсірілген “Моншадағы әңгіме” атты туынды. Бұл фильмде орталықта білім алған 50-ден астам бала өнер көрсетті. Екінші кино — Дархан Бауыржанұлының режиссерлігімен түсірілген “Анашым” атты қысқаметражды фильмі. Бұнымен айтқым келіп отырғаны, бізде балалар білімді тек теориялық түрде алмайды. Орталықта ұстаздарынан алған ақпаратты міндетті түрде практика жасау арқылы шыңдай түседі. Балалар байқауларға қатысады, киноға да түседі және концерттерде де өнер көрсетеді. Себебі, өнер адамы сахнада өседі, дамиды. Бұл — менің және “Ақбота” өнер орталығығың басты қағидасы. 

Жалпы баламен жұмыс істеу оңай емес. Ал, бойындағы талантын ашып, қандай да бір өнерге баулу ерекше шыдамдылық пен байқампаздықты талап ететіні айтпасақ та түсінікті. Осы тұрғыдан қандай қиындықтар кездесіп жатады? 

— Баланы қандай да бір өнер үйрету барысында қысым көрсетпеген жөн. Қазіргі технология қарыштап дамып, ақпарат ағыны сәт сайын артып жатқан замандағы балалар басқаша қарым-қатынасты, мотивациялық сөздерді талап етеді. Бірақ, осындай әрекеттерде де баланс болу керек. Мақтау мен талап ету, жігерлендіру мен еңбекке баулу, білім алу мен нәтиже көрсету қатар жүру керек. Баланың өнерде жақсы нәтиже көрсетуі ата-анаға да тікелей байланысты. Орталықта алған білімін баланың бойына бекіту үшін ата-ана процесске араласып, баланың тапсырмаларды орындағанын қадағалап отырғаны дұрыс. 

Тәжірибеңізде баласы қаламаса да үйірмеге қатыстырғысы келетін ата-аналар жиі кездесті ме? Жалпы анасының немесе әкесінің мәжбүрлеуімен келетін балаларды қабылдайсыздар ма? 

— Біздің орталықта ата-ананың мәжбүрлеуімен келетін балалар жоқ. Өзі қаламайтын баланы біз қабылдамаймыз. Бірақ практикамызда тұйық, телефоннан шықпайтын балаларды ата-аналары жетектеп әкелген жағдайлар болды. Ол балалар кейін өнерге қызығып, жақсы нәтиже көрсеткен кездер де болды. Сондай шәкірттеріміздің бірі — Рамазан. Ол — өте тұйық бала болып келді. Орталықта білім алған бір жыл ішінде киноға түсіп, қаншама байқаулардың жүлдегері атанып үлгерді. Қойған сұрағыңа бір ғана сөзбен жауап қайтаратын Рамазан бүгінде ойын ашық жеткізетін балаға айналды. 

Өнер орталығында жұмыс істейтін  ұстаздардың біліктілігі қандай деңгейде? 

— Орталықта жоғарыда атап өткен үш түрлі үйірмеде жұмыс істейтін 3 ұстазымыз бар. Домбырадан 10 жылдық еңбек өтілі бар, педагог-сарапшы Айнұр Қаһарбекқызы сабақ берсе, би үйірмесінде Ұлжалғас Сапарбекқызы балаларды би өнеріне баулиды. Ал, актерлық шеберліктен Дархан Бауыржанұлы ұстаздық етеді. Жалпы “Ақбота” өнер орталығының ұстаздары өте білікті, білімді, үнемі ізденісте жүретін, жаңашылдыққа жаны құмар жандар деп айта аламын. Ата-ана баласын бізге сеніп тапсырғаннан кейін біз барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз. Баланың көрсеткен нәтижесі біздің жұмысымыздың сапасын, деңгейін анықтап беруші құрал. 

Біз ел ішіндегі байқаулардан бөлек, алыс-жақын шетелдердегі өнер байқауларында да бой көрсетіп жатырмыз. Осы жақында ғана біз Өзбекстан Республикасына барып өз өнерімізді көрсетіп, актерлық шеберлік бойынша бас жүлде, би өнері бойынша үшінші орын алдық. 

Сөз соңында, орталықтың алдағы жоспарымен бөліссеңіз.

— Алдағы уақытқа арналған жоспарымыз өте көп. Ең алдымен, балаларды үлкен сахнаға алып шығуды, шетелдік байқауларға көбірек қатысуды жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, кино түсіру ісін де тоқтатпаймыз. Біз өнерлі балалармен жұмыс істейтіндіктен оларды биікке шығару, елге таныту, үлкен сахналарды бағындыру жолында аянбай еңбек етеміз. “Ақбота” өнер орталығын тәмамдаған балалар ары қарай колледж, университеттерге өнер бағытына оқуға түсетін болса, оқу орындарында жарамды болатын арнайы сертификат береміз деп жоспарлап отырмыз. Әзірге негізгі жоспарлар осы. 

Әңгімеңізге рақмет!