Жақында Франция соты, осындағы түрмелердің бірінде былтырдан қамауда отырған Мұхтар Әблязовты Ресейге экстрадициялау жөнінде шешім шығарған болатын. Осыдан соң Қазақстан алаяқ банкирді Мәскеу арқылы алдыртпақ деген әңгіме көбейді. Бірақ бүгін Бас прокуратура күтпеген жерден Ресеймен келіссөз жүргізіп жатпағанын мәлімдеді. Айтуларынша, Әблязовты экстрадициялауға уағдаласқан мемлекеттердің өзара келісіміне құрметпен қарап, оның халықаралық талаптарға сай болуын құптайды. Ал бұған дейін Бас прокуратура атышулы қаржыгерді Қазақстанға беру туралы Парижге сұрау салған екен. Сондықтан еш делдалсыз қайтармақ ойы бар. Әблязовты отанынан бөлек, Ресей мен Украина да күтіп отыр. Үш мемлекетте ірі көлемде алаяқтық жасаған банкир тек Қазақстаннан 7 жарым миллиард доллар ұрлап кеткен. Бұл қыруар қаржы БТА банктің салымшыларына тиесілі.