Оның айтуынша, қазіргі жағдаймен реанимациялық бөлімде жатқан барлық 9 бала қарапайым палаталарға ауыстырылды. Олардың денсаулық жағдайы басқа да зардап шеккен балалармен бірдей орташа деп бағалауда. Алдағы екі күнде балалардан бақылау мақсатындағы анализдер алынып, ағзада жұқпалы ауру қоздырғышының қалу-қалмау дерегі анықталады. Инфекцияның белең алуына байланысты облысқа Ақтөбе медицина академиясы мен Алматыдан жетекші инфекционист мамандар шақырылды.
Емдеу аяқталғаннан кейін балалар «Ивушка» сауықтыру орталығына қайтадан оралып сауықтыру шараларын одан әрі жалғастырады.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 22-шілдеде балалардың «Ивушка» сауықтыру орталығында ішек инфекциясы белең алып, 85 бала зардап шеккен болатын. Соның салдарынан бір бала қайтыс болды. Аурудың белең алуына сальмонеллез себепкер болды.
Балаларды жаппай уландыру дерегі бойынша облыстық ІІБ қылмыстық іс қозғап, тексеру жүргізілуде.