Батыс Қазақстанда облыс халқының 21 пайызы спортпен айналысады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+4 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Батыс Қазақстанда облыс халқының 21 пайызы спортпен айналысады

Батыс Қазақстанда облыс халқының 21 пайызы спортпен айналысады

Батыс Қазақстан облысында 128,8 мың адам немесе өңір халқының 21 пайызы спортпен айналысады.

  • 16 Қараша 2012
  • 573
Фото - Caravan.kz

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Тұрарбек Бекарыстановтың айтуынша, Елбасымыз тұрғындардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тартуды міндет етіп қойса, бұл жұмыс облыста жүйелі жүргізілуде.

Кез келген салада ең бастысы — материалдық-техникалық база. Бүгінгі таңда облыста 1559 спорттық ғимарат бар, оның 80 пайызы ауылдық жерлерде жұмыс істеп тұр. Ауылдық спорт ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға үлкен көңіл бөлініп келеді. Мәселен, өткен жылы Зеленов, Бөрлі және Сырым аудандарында спорт клубтары ашылды. Сонымен қатар Сырым ауданында жасанды бүркеумен көпсалалы спорт алаңы салынса, биыл да осындай клубтарды Ақжайық, Жаңақала аудандарында ашу жоспарланып отыр. Ал Қазталов, Теректі ауданында волейбол, баскетбол сынды спорттық ойындарға арналған залдары бар кешен салынуда. Спорттың бұқаралық сипатын арттыру мақсатында облыста кешенді спорттық жарыстарды өткізу дәстүрге айналып келеді. Биыл осы бағытта өткен шараларға 11 мыңға жуық адам қатысты.

Қазір спортпен ең көп айналысатындардың көш басында оқу орындары, ұйымдар мен кәсіпорындар және дене шынықтыру-сауықтыру мекемелері тұр. Ал аудандар арасында Бөрлі, Тасқала, Қазталов топ бастап келеді.

Өңірде жұмыс істеп тұрған 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің 12-сі ауданда орналасқан. Одан бөлек, Оралда олимпиада резервтерін даярлау орталығы, жоғары спорттық шеберлік мектебі, спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты бар. Бұл жерлерде 12 мыңға жуық балалар мен жастар жүйелі түрде спортпен шұғылданады.

Дене шынықтыру мен спортқа халықтың қалың жігін тарту, облыстағы спортпен шұғылданушылар санын арттыру мақсатында биыл студенттер мен жастарға спорт ғимараттарын елу пайыз жеңілдікпен, ал мүгедек спортшылар мен мектеп оқушыларына тегін пайдалану жағдайы жасалыпты. Сондай-ақ халықтың спортпен шұғылданудағы белсенділігін арттыру мақсатында әр аптаның бейсенбі күні өткізілетін көпшілік-спорттық шаралар да оң нәтиже беруде.

Осы күнге дейін облыста 17 спорт шебері, 4 халықаралық дәрежедегі спорт шебері дайындалып, 2 жаттықтырушыға ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағы берілді. 188 спортшы спорт шеберлігіне үміткер және 96 спортшы 1-разрядты орындады. Бүгінгі күні облыстың 344 спортшысы еліміздің ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрама командаларының мүшелері болып табылады. Өңірімізде республикамыздағы спорттың имиджін көтеруге белсенді атсалысып жүрген жандар көп. Ел мақтаныштарының арасындағы самбо күресінен төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев, тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сайлан Матылов, дойбыдан жасөспірімдер мен қыздар арасында 6 мәрте әлем чемпионы Алтынай Жұмагелдиева, еркін күрестен жастар арасында әлем және Азия чемпионы Екатерина Ларионова бар.

Соңғы жаңалықтар