Бауыржан Байбек академик Сағадиевтің иығына шапан жапты - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бауыржан Байбек академик Сағадиевтің иығына шапан жапты

Бауыржан Байбек академик Сағадиевтің иығына шапан жапты

Алматыда Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Кенжеғали Сағадиевтің 80 жылдық мерейтойы тойланып, кітабының тұсауы кесілді. Кенжеғали Әбенұлының бүгін тұсауы кесілген "Қазақстандағы реформалар: таңдамалы көзқарас" кітабы ағылшын тілінде де жарыққа шықты.

  • 3 Наурыз 2018
  • 223
Фото - Caravan.kz

Бүгін Алматыдағы Ғылым ордасында Ұлттық ғылым академиясының академигі Кенжеғали Әбенұлы Сағадиевтің "Қазақстандағы реформалар: таңдамалы көзқарас" кітабының тұсаукесері өтіп, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерінің 80 жылдық мерейтойы да қатар тойланды. Жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек арнайы келіп, Сағадиевтің иығына шапан жапты, деп хабарлайды Today.kz.

"Тұсауы кесілгелі отырған монография тәуелсіздік алған жылдардағы Қазақстанның экономикасын талдауға құрылған. Сондай-ақ, онда қоғамымыздың дамуындағы түрлі жайттарға қатысты автордың пікірі берілген. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлесін қосқан академик Сағадиев бүгінде өзінің жаңа, терең еңбектерімен қуантып, өз халқына аянбай қызмет ете беретін болады. 80 жылдық мерейтойыңызды пайдаланып, сізге зор денсаулық тілегім келеді", – деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова. 

Сонымен қоса Гүлшара Наушақызы академик Сағадиевтің әр мерейтойын ерекше, ғылыми еңбектермен өткізетінін тілге тиек етті. Мемлекеттік хатшыдан кейін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтау сөзін сөйледі. 

"Сіз әр жылдары жауапты қызметтер атқарып, ел білімінің дамуына өлшеусіз үлес қостыңыз. Ел экономикасының дамуы мен мемлекеттің гүлденуі тақырыбында жүзден астам ғылыми мақала жаздыңыз. Бұл күндері берекелі де өнегелі үлкен әулеттің басы, тәрбиелі ұрпақтың атасы атанып, перзенттеріңіздің қызықшылығы мен отбасы бақытына кенелудесіз. Ел болашағына бергеніңізден әлі де береріңіз көп дей келе өмірлік мол тәжірибеңіз сізді алдағы уақытта да биік белестерге жетелей береріне кәміл сеніміз", – деді Бауыржан Байбек. 

Артынша қазақы салт бойынша Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Кенжеғали Сағадиевтің иығына шапан жапты. 


Кенжеғали Әбенұлының бүгін тұсауы кесілген "Қазақстандағы реформалар: таңдамалы көзқарас" кітабы ағылшын тілінде де жарыққа шықты. 

"Мен бұл кітапты президент "қазақша сөйлеңдер" демей тұрып орысша жазып қойып едім. Енді орысшадан қазақшаға аударып, айтып көрейін", – деді мерейтой иесі Кенжеғали Сағадиев. 

Сағадиев бұл кітапта ел тәуелсіздігін алған жылдардан бері қабылданған реформаларға талдау жасап, бүгінгі банк секторындағы қиын жағдай мен өнеркәсіптердің жабылуына және ел экономикасына байланысты мәселелерге ой жүгірткен. 

Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев – экономист-ғалым. Экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Еңбегі сіңген ғылым мен техника қызметкері. Кенжеғали Сағадиев төл теңгеміздің айналымға енуіне еңбек етіп, әр жылдары лауазымды қызметтер атқарды. Ел экономикасының қалыптасуына мұрындық болған академик 2004 жылдан бастап Мәжіліс депутаты болды. "Еңбек Қызыл ту", "Халықтар достығы", "Құрмет белгісі", "Парасат" ордендерімен марапатталған. 

Соңғы жаңалықтар