Базалық мөлшерлеме инфляцияны емес, бизнесті тұншықтырып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 512.32
  • 582.92
+18 °C
Алматы
2025 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Базалық мөлшерлеме инфляцияны емес, бизнесті тұншықтырып жатыр

Базалық мөлшерлеме инфляцияны емес, бизнесті тұншықтырып жатыр

Қазақстанда базалық мөлшерлеменің жоғары болуы инфляцияны тежейтін тиімді құралға айнала алмады.

  • 16 Сәуiр
  • 7
Фото: dzen.ru

Керісінше, ол ішкі нарықтағы кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіріп, экономикалық белсенділікті төмендетіп отыр. Бұл жағдай ел экономикасындағы құрылымдық мәселелердің көрінісі ғана емес, Үкімет пен Ұлттық банктің өзара келісілмеген, фрагментті экономикалық саясатының салдары, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ұлттық банк бекіткен 16,5% ставкі инфляцияны емес, бизнесті тұншықтырып жатыр. Экономист Айман Тұрсынхан осы мәселені жан-жақты талдап берді. 

Оның пікірінше ел экономикасын шикізат экспортына тәуелділіктен құтқарып, ішкі өндірісті дамытамыз деген Үкіметтің сөзі мен ісінде тиянақ жоқ. 

Мұнай бағасы бәрреліне 60 доллардан төмен құлдырап, сауда соғысы қызған тұста бізге импорт алмастыратын жаңа өндіріс ошағын ашу, шикізатқа байланбаған экспорттық табысты арттыру ауадай қажет еді. 

Несие 24-56% аралығында. ҚҚС – 16%, бөлшек салық – 6%, жеке табыс салығы – 15%.

«Ұлттық қордың түбі көрініп, шикізат экспортынан түсетін валюта азаюда. Қазақтардың күнкөрісі қиындап барады», — дейді маман.

Айтуынша, алдағы уақытта шағын және орта бизнестің жаппай банкрот болуы ғажап емес. 

Сарапшының пікірінше, қазақтар несиені амалсыздан алып отыр. Коммуналдық тарифтер жыл сайын 30-40%-ға өсіп, халық несиеге жүгінуге мәжбүр. Қымбатшылықпен күресте халыққа «несие алма, азырақ тұтын» деп айту қисынсыз.

Кремль мен Минскі санкцияға ұшырап, тауарын сата алмай отыр. Америка бұлардан келетін тауарға 34-125% баж салығын енгізген. АҚШ бізден экспортталатын тауарға да 27% баж салығын қойды. Бұл Ресей мен Беларусь өнімдері Қазақстан арқылы АҚШ-қа «айналып» келмесін деген сақтық шарасы болатын.

Нәтижесінде Ресей мен Беларусь өзінде қалып қойған тауарларын енді Қазақстан нарығына үйіп-төгеді.

Базалық мөлшерлеме: құрал ма, тұзақ па?

Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені 16,5 пайыз деңгейінде ұстап отыр. Бұл несиелердің құнын шарықтатып, кәсіпкерлер үшін қолжетімсіз етті. Көптеген шағын және орта бизнес субъектілері банктен несие алуға шамасы келмей, даму стратегияларын тоқтатуға мәжбүр.

Экономистердің айтуынша, қазіргі инфляция монетарлық емес, құрылымдық сипатқа ие. Яғни, ол ішкі сұраныстың артуынан емес, сыртқы факторлардан: импортқа тәуелділік, логистикалық қиындықтар, теңгенің девальвациясы сияқты себептерден туындайды. Мұндай жағдайда базалық мөлшерлемені көтеру тек симптоммен күресу ғана, ал мәселенің түп-тамырына әсер етпейді.

Үкімет жыл сайын индустрияны дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, импортты алмастыру туралы бағдарламалар қабылдап келеді. Алайда, бұл бағдарламалардың нақты әсері сезілмейді. Ішкі өндірістің үлесі артқан жоқ, ал кәсіпкерлердің көпшілігі салық жүктемесі, реттеуші органдардың қысымы және қаржылық ресурстардың тапшылығымен күресіп жүр.

Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін мұнай мен металл экспортына тәуелді. Бұл модель әлемдік нарықтағы бағаға тәуелді етіп, экономиканы тұрақсыз етеді. Ал ішкі нарықты дамытудың орнына, мемлекеттің ресурстары квазимемлекеттік секторға және шетелдік инвесторларды тартуға бағытталуда.