Бұл туралы nurotan.kz порталында жарияланды.
«Аударыспақ — бұл соғыс өнерінің негізі. Ал аударыспақ — тек қазақтікі деп айтуға болмайды. Бұл Азиядағы түркі жұртына, тек түркі емес парсы жұртына да ортақ өнер. Бірақ, аударыспақ өнерінің айрықша дамыған жері — қазақ топырағы екенін айта кету керек», — деп өз пікірін білдірді.
Оның айтуынша, кешегі өткен батыр бабаларымыз қылыш сынып, найза майырылып, қақ айырылған кезде білегіне сеніп ат үстінде аударысып, тақым тартысқан.
«Кешегі күнге дейін сол өнер көбінесе ауыл арасындағы шопандар тойы секілді шаралар шеңберінде шектеліп келді. Бүгінгідей рухани құндылықтардың барлығы жаңғырып жатқан кезде осы аударыспақтың, сондай-ақ көкпардың әлемдік деңгейге жетуі, яғни Азия чемпионатының өткізілуі — елдегі экономикалық әлеуеттің, тыныштықтың, жүргізіліп жатқан сарабдал саясаттың арқасы екенін айтуымыз керек», — деді ол.
Астанада тұңғыш рет өткізіліп отырған чемпионат бұдан кейін Қытайда өтуі мүмкін екенін жеткізген Бекболат Тілеухан чемпионаттың ережесіне де тоқтала кетті.
«Алдағы чемпионаттар біздің дайындаған ережеміздің негізінде өтетін болады. Сондықтан біз ойын ережесін жасау барысында ауғанның да, өзбектің де, қырғыздың да шарттарын барынша ескердік. Бірақ, бір ерекшелігі — ойынның термині қазақ тілінде болады. Алғашқы Азия чемпионатын өткізген алаң иесі ретінде осындай құрметке ие болып отырмыз», — деді ұлттық ойындардың жанашыры.