Жарияланды: 430

Белгілі қаламгер Нұрғожа Ораздың шығармашылық кеші өтеді

2 қараша күні Астана қаласындағы Конгресс-Холл сарайында ақын, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғожа Ораздың шығармашылық кеші (сағат 15-00) өтеді.

Кешті Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Серік Қирабаев кіріспе сөзбен ашатын болады. Филология ғылымдарының докторы Серік Негимов ақынның шығармашылық жетістіктері туралы шағын баяндама жасайды деп күтілуде. Сондай-ақ көрнекті ақын, қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов қаламдас әріптесіне арнаған өлеңін оқиды. Ақынның 80 жасқа толу құрметіне арналған бұл шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Әдеби кеште ақын Нұрғожа Нарымбайұлы туралы ойлар ортаға салынып, оның өлеңдеріне жазылған әндер шырқалады. Сондай-ақ Конгресс-Холл сарайында ақынның кітаптарынан құралған көрме ұйымдастырылмақ. Қазақ поэзиясында өзіндік үні бар ақын Нұрғожа Ораз 1932 жылдың 20 қазанында Қостанай облысының Сарыкөл ауданында дүниеге келген. Ол кеңестік жүйе үстемдік құрып тұрған кезеңде Сарыарқа өңірінде халқымыздың әдеби-мәдени мұрасының қайта жаңғыруына зор үлес қосқан. Ана тіліміздің мәртебесін көтеру үшін аянбай еңбек етті. Жергілікті жас ақын-жазушылардың танылуына, еңбектері жарық көруіне ықпал еткен. Қаламгерлік жолында көптеген шәкірттер тәрбиелеп шығарған. 1970-80 жылдары осы өңірде ақындар айтысын ұйымдастырушылардың бірі. Арқа өңірінің қаламгерлеріне қолдау көрсету мақсатында 1991 жылы «Сарыарқа» әдеби-қоғамдық журналын шығарды. 1964 жылы Н. Ораздың «Тұңғыш» кітабы жарық көрді. Одан кейін «Шұғыла», «Көңіл көктемі », «Тың түлегі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын шақ», «Дала демі» тағы да басқа поэзиялық, прозалық және публицистикалық жинақтары жарияланған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін