Ирина Советжанқызы бұл ойымен желідегі парақшасында бөлісті.
«Өздеріңіз естігендей, депутаттыққа өтпедім. Өтпей қалған соң бірнәрсе айту да артық әңгіме. Тек “сен үшін ғана дауыс берген едік қой” деп жазып жатқан әр қолдаушымнан кешірім сұраймын. Үміттеріңізді ақтай алмағаным үшін. Науқан кезінде менің бірде бір пікірімді ақпарат құралдарынан бергізбей қойған кезінен-ақ күдіктене бастаған ем. Күдігім расталды. ОСДП отымен кіріп, күлімен шыққан Сәмбетбай Тазабек те өтпей қалды. Сондықтан партиядағылар шешті дегенге сенімім аз. Кім шешкенін іштеріңіз сезіп отыр.
Бүгінге дейін “сайлау әділ өткен жоқ” дегендерге неге қосылмадың деуіңіз де бек мүмкін. Сайлау екінші, тіпті, бесінші мәрте қайта өтсе де, осы нәтиже шығатын еді. Осы уақыт аралығында қолдау білдіріп, тілеушім болған әр қазаққа алғысымды айтам. “Сені пайдаланып кетті” — деген дос, әріптес, жақындарым, көрермендерім, жанашыр көңілдеріңіз үшін де көп рахмет! Қазіргі жағдайда өтпей қалғаным да жеңіс, түсінген адамға», — деп жазды ол.
Желі қолданушылары журналистке қолдау көрсетіп, жылы пікірлерін жазды.
«Өтпегеніңіз тіптен жақсы, халықтың да қамын біреу ойлау керек шығар», «Сайлаудан түк өзгермейді, бәрі өтірік сияқты», «Басқаларды білмеймін, сіздің өтетін жөніңіз бар еді, көрейік жаңа депутаттардың не бітіретіндерін», «Одан да журналист болып жүре беріңізші» деп жазды олар.