Бір басында қос азаматтық бар депутаттар Парламентте емін-еркін жұмыс істеп жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+23 °C
Алматы
2026 Жыл
25 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бір басында қос азаматтық бар депутаттар Парламентте емін-еркін жұмыс істеп жүр

Бір басында қос азаматтық бар депутаттар Парламентте емін-еркін жұмыс істеп жүр

Қазақстанда  бір басында екі елдің азаматтығы бар  депутаттардың бар екені анықталды. Бүгін  еліміздің Бас прокуратурасы Парламентте Ресейдің де азаматтары емін-еркін жұмыс істеп жүргенін мәлімдеді. Ал қос азаматтығы бар адамның  мемлекеттік орындарда  қызмет етуі біздің Ата заңымызды аяқ асты қылғанмен тең.  Сондай-ақ, Астанада өтіп жатқан халықаралық прокурорлар форумында Асхат Дауылбаев еліміздің қараусыз қалған  шекара аймақтарын лаңкестер мен бүлікшілер әбден майшелпекке айналдырғанын айтып дабыл қақты.

  • 8 Тамыз 2014
  • 463
Фото - Caravan.kz

Конституциямыздың басты талабын таптап жүргендер өзге емес күнара  заң жазып,  ай сайын жаңа құжат қабылдайтын  депутаттардың арасында екен. Еліміздің Бас прокуратурасы Қазақстан мен Ресейдің азаматтығын қосарлап алып Парламентте отырған бірқатар халық қалаулыларын анықтапты. Алайда әзірге құзырлы орган мемлекеттік құпиямызға  қауіп төндіріп тұрған депутаттардың аты-жөнін жарияламайды.

Нұрдәулет Сүйіндіков, ҚР Бас прокуратурасы департамент басшысының орынбасары:

— Екі елдің азамттығын алып, заң бұзған  азаматтардың аты-жөнін алдағы уақытта міндетті түрде жариялаймыз. Олар қазір мемлекеттік қызметте, тіпті Парламенттің қос палатасында еңбек етіп, екі елдің де жеңілдіктерін бірдей пайдаланады. Яғни екі жақты  зейнетақы, жәрдемақыға қарық болып жүр. Ал бұл біздің Ата заңымызға мүлдем қайшы келеді.

Қос азаматтығы барлардың басым бөлігінің Ресеймен байланысы бар екен. Сондықтан  еліміздің прокурорлары Мәскеуге бірнеше рет хат жолдапты. Бірақ, әзірге көршілерміз қол ұшын созуға құлықсыз. Ал мұндай азаматтар  алда-жалда істі болып, іздеу жарияланса, екі елдің арасында жан сауғалап, ұстатпай кетуі әбден мүмкін.  

Нұрдәулет Сүйіндіков,  ҚР Бас прокуратурасы департамент басшысының орынбасары:

-Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін Ресейдің көмегі мен қолдауы керек. Өйткені екі елдің  азаматтығын алған адамдар туралы мәліметтер мен  екі мемлекеттің  көші-қон  саласындағы жалпы ақпаратын  біріктіру керек.Ал о баста мұндай келісім болмағандықтан, көршілеріміз әзірге келіспей отыр.

Бұл елімізге еркін кіріп, төрімізде тайраңдағандардың қылығы. Ал, шалғайдағы ашық жатқан шекара шебіндегі  жағдай одан да қауіпті екен. Бас прокурор қорғаусыз қалған  мемлекеттік шекараны лаңкестер мен бүлікшілердің майшелпекке айналдырып алғанын айтып ашынып отыр.  Екі елдің прокурорлары бас қосқан жиында Асхат Дауылбаев әріптестерінен осы салада да бірлесіп күресуді өтінді.

Асхат Дауылбаев, ҚР Бас прокуроры:

-Мемлекетіміздің шекараның ашық, қараусыз жатқан бөлігі, оның ішінде теңіз аймағы да есірткі тасымалдаушылармен қатар ірі лаңкестік топтар да қылмыстық әрекет үшін еркін пайдалануда.  Сондықтан сол  лаңкестік топтарды,  оларды қаржыландыру көзін анықтап, қару-жарақ тасымалына тыйым салу  үшін бірігіп  әрекет етуіміз керек.       

Бас прокурордың Ресейдің құзырлы органдарымен  бірлесіп әрекет етуге  тәуелдіміз деп, көршілерімізге қайта-қайта алаңдауының да себебі бар. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ аясында оған мүше мемлекеттер  шекаралары  айқара ашылады, нарық та ортақ болмақ. Мұндай ұрымтал тұсты халықарлық ірі қылмыстық топтың  серкелері ұтымды пайдаланып қалуға барынша ұмтылады, — деп қауіптенеді біздің прокурорлар.