Бірнеше қаланы басып алған сепаратистер украин әскерінен бас сауғалап қашып жатыр - kaz.caravan.kz
  • $ 486.47
  • 554.77
+34 °C
Алматы
2026 Жыл
27 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бірнеше қаланы басып алған сепаратистер украин әскерінен бас сауғалап қашып жатыр

Бірнеше қаланы басып алған сепаратистер украин әскерінен бас сауғалап қашып жатыр

Украинадағы қарулы қақтығыстар бүгін түнде мүлдем ушығып кетті. Қарулы әскер сепаратистерді Славянск мен Краматорск қалаларынан тықсырып шығарды. Бірақ бұл әскери шараның залалы соңғы айлардағы ең үлкен шығынға әкелген. Өйткені қоршауда қалған сепаратистер қаланың қақ ортасында тұрып тұрғын үйлерге жаппай зеңбірек жаудырған. Келтірілген шығын миллиондап есептелуде. Оған қоса түн ортасы ауа Киевтегі майданда ресми билік пен лаңкестер орталық алаңды соғыс алабына айналдырып жіберді.

  • 8 Шiлде 2014
  • 283
Фото - Caravan.kz

-Билігін басынан бақайшағына дейін жаңартып алған Украинадағы жағдай жаңармай тұр. Жап-жаңа президент Петр Порошенко ұлықтау рәсімінде елдегі жағдайды бір аптада реттеймін деген еді. Тырысып-ақ бақты. Бірақ қолынан келмей жатыр-ау, бір айға жуық уақыт өтті, Украина халқы әлі күнге азаптан құтылар емес. Кеше кешқұрым жасырынбақты доғарып, ашық айқасқа шыққан ресми әскер сепаратистерді қос бірдей ірі қаладан қуып шықты.

Славянск мен Краматорскіден құт кеткелі көп болды. Алдымен сепаристердің қолына өтіп соқыр ішектей шошайып, Тәуелсіз өңір деп атау берілген өлке қиян-кескі соғыстан соң қазір қайтадан Украина әскерінің бақылауында. Бірақ қос қаланың да сау-тамтығы қалмапты.

Көпқабатты үйлер талқандалған, жер үйлерді зеңбірекпен жарып жіберген сепаратистер. Әзірге жапа шеккендер саны беймәлім, өйткені мәйіттер осы үйінділер астында қалуы мүмкін. Мұздай қаруланған әскер аяқ асты басып кіріп, бүлікшілерді жанши бастағанда артқа шегінген олар айналаға тоқтаусыз оқ боратқан.

Қанжоса болған хайуанның күйі кеше түнде Славянск пен Краматорскідегі жұрттың қандай ит тірлікті басынан кешкенін тілсіз-ақ баяндап тұр. Көшеде кетіп бара жатқан көліктерге де оқ боратылған. Әскердің әлеуетіне қарамастан сепаратистер бас сауғалап үлгеріпті.

Арсен Аваков, Украина ішкі істер министрі:


-Біз оларға ешқандай мүмкіндік берген жоқпыз. Сепаратистер алды-артына қарамай қашты. Бірақ тауда орналасқан нөмірі 6-шы бекеттің жанынан түнде жау колоннасының біраз бөлігі көліктерінің жарығын сөндіріп білдірмей өтіп кеткен. Қазір артынан шығамыз.

Бас сауғалап қашқандар қазір Донецк мен Луганскіде бекініп отыр. Ал Киевтегі Майданда кеше түнде ірі қарулы қақтығыс болды. Ауруханаларға жүздеген жәбірленуші түскен. Қаза тапқандар туралы нақты ақпаратты ресми Украина әзірге айтпады.

Қазір сепаратистерден азат етілген аймақтардағы әкімшілік ғимараттарға қайтадан Украина туы тігілуде. Орталық алаңдарда гуманитарлық көмекпен келген азық-түлік таратылуда. 2 аптадан астам аш жатқан жұрт ондаған тонна азықты бір тәулікте талап алды. Ал әр қаладағы майдан түгел тарады.

-Қазіргі күнге дейін жұртты қоғадай жапырып қырғын сепаратистердің қолынан азат етілген Славянск және Краматорскіге полицейлер кіргізілді. Олар қаладағы тәртіпті жіті қадағаламақ. Ал әскерилер келесі тапсырма, яғни лаңкестер бекінген Донецк пен Луганск қалаларын азат етуге аттанды. Бір қызығы, бір қадам да кері шегінбейміз деген сепаратистер бүгін билікпен келіссөзге дайын екендіктерін мәлімдеді.