Бұл туралы премьер-министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Жеделдетілген индустриалды-инновациялық бағдарламаның арқасында тау-кен металлургия саласында 50 жаңа өндіріс ошағы іске қосылды. Биылғы жылы тағы 7 жобаны іске қосу көзделіп отыр», — деді ол жұма күні бесінше Astana Mining & Metallurgy конгресінде.
Премьер-министр кен-металлургияның Қазақстан экономикасында негізгі салалардың бірі екенін атап өтті. «Оның жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі 18 пайызды құрайды және салада 300 мыңға жуық адам еңбек етіп жатыр» деді премьер.
К.Мәсімов үкімет тарапынан Кен-металлургия саласын дамытудың 2018 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілгенін алға тартты.
Ал, 2018 жылы Астанада Дүниежүзілік тау-кен конгресінің (World Mining Congress, WMC) 25-ші отырысы өтеді, деді премьер.
«Қазақстан бұл шараны лайықты деңгейде өткізуге барынша күш салады», — деп атап өтті ол.