Жарияланды: 640

"Біз арақ ішетін "ағымнан" боламыз..."

"Біз арақ ішетін "ағымнан" боламыз..."

 

 Жаға ұстататын әңгімені ҚМДБ баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы abai.kz-ға жазыпы.

Осындай сұмдық сөзді естідік. Ол кісінің сөзі сүйектен өтіп кетті. Әңгіме неден шықты? Қазір екі адамның басы қосыла қалса дін туралы, ағымдар жайлы әңгіме-дүкен құратын болды. Жақсы ойлай білгенге бір жағынан қуанатын жағдай... Дін жамандық атаулыға жақындамауға, ағымның құрбаны болмауға үндейді.

Бір өнер өкілінің: «Бұрын осы көшеде бір ғана тәуіп болатын. Қазір жұрттың бәрі шетінен тәуіп боп кетті...» деп әзілге қосып айтқан сөзі бар еді. Сол секілді, бұрын діни салада сарапшылар саусақпен санарлықтай болатын. Ал қазір бәрі діни мәселеге талдау жасап, «пәтуа» беретін жағдайға жетті. Әрине, пікір білдіруге әркім құқылы. Бұл – жақсы үрдіс.

Бірақ бізді алаңдатқан нәрсе – екіұдай, ақиқаттан алыс, негізсіз теріс пікірдің таралуы. Діни білімі жоқ, діннің астарлы мәселелерінен толыққанды хабарсыз адамның аузынан тұрпайы тұжырымның, өрескел сөздің шығуы өкінішті.

Өткен жолы бір ғалыммен кездесіп қалдық. Аты мәлім, атағы да белгілі. Біздің Діни басқармада қызмет ететінімізді жақсы біледі. Аман-саулық сұрасқаннан кейінгі әңгіме әдеттегідей дінге ойысты. Елдегі діни мәселе «шешіліп», қазіргі ахуал ауызбен «реттеліп» болған соң халықаралық деңгейде сөз қозғалды. «Анау «ондай» ағымнан екен, мынау «мынадай» жамағаттан боп шықты, анау «ананы» қолдайтын көрінеді, мынау «мынаған» бүйрегі бұратын сияқты» деген діни «диагноз» қойылып жатыр. Әйтеуір бәрінің артына бір-бір «қоңыраудан» ілінді. Өкініштісі сол, «дені дұрыс» діндарды таппай дал болғанымызды несіне жасырайық?!

Сонымен әлгі ғалым ағамыз бірнеше сағатқа созылған сұхбаттың соңында сөзін былай түйіндеді: «Қазір адамдардың көбісі ағымда жүр. Ал біз арақ ішетін «ағымнан» боламыз. Бірақ бізде терроризм жоқ...»

Күлгенге «керемет» сөз, жыласақ та жарасады. Сірә, әр нәрсенің шетіне шығып кету деген осы болса керек...

Ол кісі сөзін ары қарай жалғап: «Құрысын, бұл да жаман «ағым». Жақсы нәрсе емес», – деп мырс етті.

Көзбен көргенімізді айтар болсақ, кейбір адамдар ұстанымдары үшін бір-бірін түсінбей, тіпті түсінгісі келмей, келісу былай тұрсын, өзара сөйлесуден қалып барады.

Осыларды табыстырып, татуластырып, төрелігін айтатын данагөй ақсақалдар, ел ағалары болса, шіркін?!

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін