Біз көрген сұрапыл соғысты қазіргі ұрпақ көрмесін – ҰОС ардагері - kaz.caravan.kz
  • $ 443.35
  • 475.54
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біз көрген сұрапыл соғысты қазіргі ұрпақ көрмесін – ҰОС ардагері

Біз көрген сұрапыл соғысты қазіргі ұрпақ көрмесін – ҰОС ардагері

Бүгін адамзат тарихындағы қасіретке толы қанды қырғын – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына тура 73 жыл.

  • 9 Мамыр 2018
  • 63
Фото - Caravan.kz

1941 жылдың маусымында басталған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Отан үшін от кешуге қазақ елінен 1 млн 800 мыңнан астам азамат аттанды. Олардың арасында 18 жастағы Асылхан Бекбаев та бар еді. Ол 6-дивизия құрамында Беларусь пен Батыс Еуропа даласын жаудан қорғаған майдангер Жеңісті сол кездегі Кенигсберг қазіргі Калиниград қаласында қарсы алады. Жеңіс күні Baq.kz тілшісі 94 жастағы ҰОС ардагерімен сұхбаттасып қайтты.

Асылхан Бекбаев – 1924 жылы 31-наурызда бұрынғы Семей облысы Бесқарағай ауданының Қарабас ауылында дүниеге келген. Ол – 1930-1932 жылдар аралығында қазақ даласында болған ашаршылықтың ауыр зардабын өз көзімен көргендің бірі.

«Сол жылдары Кеңес үкіметі барлық малды тартып алды. Оны қайда жібергені белгісіз. Малсыз қалдық. Халық ашыға бастады. Орыстар сол кезде бақша отырғызып, көкөніс егетін. Ал қазақтар оны білмейтін. Мал жоқ. Кейін адамдар тамақ таба алмай, аштықтан қырыла бастады. Жұматай деген туған бауырым болды. Аштық кезінде ол екеуміз балалар үйінде болдық. Күніне бір-ақ кесе көже мен бір тілім нан береді. Кейбір балалар аштыққа шыдай алмай, өліп қалды. Олардың арасында Жұматай да бар. Ол көз алдымда қайтыс болды. Сонда балалар үйінің қызметкерлері өлікті далаға апарып көме салатын. Құдай басқа бермесін, өте қиын жағдайлар болды. Оны ешкім көрмей-ақ қойсын, балам», — дейді ардагер қиын күндерді еске алып.

2 жылдан соң Асылхан Бекбаев өз ауылына оралады. 16 жасында ауылдағы почта бөлімін басқарады. Алайда, 1941 жылы соғыс басталып, бір жылдан соң ол әскерге шақырту алады.

«Алдымен сол кезде Петропавлда ашылған авиациялық мектепте 4 ай білім алдым. Онда меңгерген мамандығым – борт механик. Мектеп қарағайдың ішінде болды. Парашюттан секіріп үйрендік, түрлі жаттығулар жасадық. Солай 4 ай өте шықты. 18 жасымда майданға аттандым. Біз алдымен жаумен Беларусь аспанында соғыстық. Әскери аэродром Бобруйскте болды. Ұшқыш, сардар, авиация генерал-полковнигі Тифомей Хрюкиннің қарамағындағы 6-бомбалаушы авиациялық дивизиясында әскери борышымды өтедім», — дейді ол.

Асылхан Бекбаев «Петлякова-2» ұшағымен жаудың маңызды стратегиялық нысандарын бомбалайды. Алайда бір күні неміс басқыншылары Бобруйсктегі әскери аэродромға шабуыл жасайды.


«Неміс ұшақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, аэродромды бомбалады. Менің ұшағыма снаряд тиіп, мен парашюттан секіруге мәжбүр болдым. Есімді жисам, ауруханада жатырмын. Сөйтсем, минаның жарықшақтары басыма тиіпті. Сол кезде Татьяна Новикова есімді беларусь қызы мені күтіп, қарап жүрді. Кейін екеуміз үйлендік. Татьяна ислам дінін қабылдап, қазақша үйреніп алды. Ауруханада 4 ай жатып, сауыққан соң қан майданға қайта аттандым», — дейді ардагер.

Осы орайда отан үшін от кешкен жауынгер атамыз сұрапыл соғыстағы қиын сәттерді қалай еңсергенін айтып берді.

«Берілген бұйрықты бұлжытпау орындауға тырыстық. Жас болдық. Елімізді жаудан қорғау үшін жанталастық. Фашистер қатыгез болды. Ешкімді аямайтын. Құдай сақтасын, сұрапыл соғысты ешкім көрмесін. 4 жыл фашистермен соғыстым. Шығыс Пруссияны жаудан азат етуге ат салыстым. Жеңісті Кенигсбергте қарсы алдым. Одан кейін 4 жыл Беларусьта әскери борышымды өтедім. Одан кейін елге аман-есен оралдым», — дейді 100 жасты алқымдап қалған соғыс ардагері.

Асылхан Бекбаевтың соғыста көрсеткен ерлігі де ескерусіз қалмаған. Ол «Фашистік Германияны жеңгені үшін», «Беларусьты азат еткені үшін», «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» ордендерімен және т.б. медальдармен марапатталған.

Соғыстан кейін ардагер 25 жыл Семей педагогикалық колледжінің директоры қызметін атқарып, 6 мың ұстаз дайындаған.

Бүгінде 94 жастағы Асылхан Бектаевтың 5 баласы (3 қыз, 2 ұл) және 13 немересі мен 19 шөбересі бар.

Соңғы жаңалықтар