Біздің уақытта әскерге бармау ұят болатын – Ауған соғысы ардагері - kaz.caravan.kz
  • $ 441.58
  • 480
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
17 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Біздің уақытта әскерге бармау ұят болатын – Ауған соғысы ардагері

Біздің уақытта әскерге бармау ұят болатын – Ауған соғысы ардагері

Еліміз тыныштық пен тұрақтылықта дамып, бейбіт күнмен тыныстап келеді. Ауған жеріндегі аждаһаның үні өшкеніне де үшінші онжылдыққа аяқ басты. Бұл соғысқа қатысқан сарбаздарымыз аз емес.

  • 10 Ақпан 2023
  • 42
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы BAQ.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Осыдан отыз жыл бұрын ортақ үйіміз деп ән салған Кеңес одағы Ауған жеріне шектеулі контингентін кіргізген болатын. Сол кезде елім деген ержүрек ерлер Отан-Ананың шақыруымен халықтың мүддесін алыстағы шепте қорғаған болатын. Талайы осы жолда қыршын кетті. Басқалары өмір бақи мүгедек болып қалды. Соған қарамастан алдына қойылған тапсырмаларды адалынан орындады. Интернационалдық борышын өтеген жауынгерлер алыстағы Ауған жеріндегі лаңкестіктің отын сөндіріп, тәуелсіздік алған жылдары елімізге есін жиюға сеп болды. 

«Батыр деген кім?» десе, сабырлы жан дер едім. Олар ерлік жасадым деп кеудесін соқпайды. Ел арасында қарапайым күн кешеді. Осындай қасиет, әсіресе соғыс көрген азаматтарда басым. Ұлттық ұланның ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет атқарған полковник Жанат Шалабековтің есімін ауған соғысы ардагерлерінің тізімінен көргенде таңғалғанымыз бар. Осыған дейін локалды соғыс ардагерлерінің қатысуымен өтетін шаралардан көргеніміз жоқ. Жиналыстарда интернационалдық соғысқа қатысқаны туралы ауыз ашқан емес. Жылы жүзді, айналасына мейірім шашар офицердің қанды майдан куәгері екенін ойламайсың. Тек қана соғыстың куәгері ғана болмай, оның белсенді қатысушысы, ерлік иесі. Шынына келсек, сол жылдары 18 жастағы Жанат алыстағы Ауған жеріне барамын деп ойлаған жоқ шығар. Тек он сегізді тізгіндеген соң, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін өз еркімен әскер қатарына барады. 

Ұлттық ұлан

1986 жылдың жазында Қарағанды педагогикалық институтының 1-курс студенті Жанат Асымұлына сол кездегі военкоматтан шақырту қағазы келді. Биік бойлы, шымыр бітімді өреннің әскер қатарына өтері заңдылық болатын. Оқу орталығында алғашқы әскери дайындықтан өтеді. Содан кейін Өзбекстандағы Шыршық кентіндегі десанттық-шабылдаушы әскери бөліміне барады. Уақыт өте шақырылым Ауғанстан Республикасындағы интернационалды міндетін орындайтын болды. Кейіпкеріміз бұл хабарды міз бақпай қабылдады.

Әрине, ер азаматтың Отанға қызмет етуі міндет. Біздің уақытта әскерге бармау ұят болатын. Әскерге барғаннан кейін, Отан қандай әскери тапсырманы алдымызға қойса да, орындауға дайын тұрдық. Ауғанстандағы қақтығыс туралы естігенбіз. Бірақ таңдау бізге түседі деп ойлаған жоқпыз. Ойлайтындай жаста болғанымыз жоқ. Біздің шақырылым сол отты нүктеге барады деген хабарды еш қынжылмай, артық сөзсіз қабылдадық. Бұйрықтың аты бұйрық. Әскери тапсырма қойылды, барлығымыз Ауған жеріне жол тарттық, – дейді кейіпкеріміз. 

Міне, нағыз ердің мінезі! Бүгінгі өз құқығын алға тартатын жауынгерлер осындай ардагерлерімізден үйренсе игі. Жастықтың жалынымен бөтен елде, отты нүктеде міндетін атқарады. Кейіпкеріміз әскери колонналардың жүруінің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Әскермен тылды қосатын жолды – өмір жолы деп атайтын сол жылдары. Қару-жарақ, азық-түлік барлығы сол жол арқылы алғы шептегі жауынгерге жеткізілетін. Дұшпандар бар күшті осы колонналардың көзін жоюға жұмсайтын. Жанат Асымұлы жас болса да, соғыста машықтанып, талай-талай тапсырмаларды орындады. 


Мен үшін Ауған жерінде міндетін орындаған әр жауынгер соғыс қаһарманы, – деп жауап берді ол «Сіз үшін Ауған соғысының қаһарманы кім?» деген сауалымызға.

Запастағы полковник Ж.Шалабеков Ауған жеріндегі әскери қызметі туралы көп айтуды ұнатпайды. Әсілі, бұл соғысты бүгінгі ұрпақ көрмесін деген игі ниеті шығар. Бәлкім, өзінің кішіпейілдік қасиеті ме екен?! Қалай дегенмен де, бір басына жеткілікті соғыстық тәжірибе жинақтады. Азаматтық борышын өтеген соң, оқуға түсіп ел қатарлы еңбек етеді. Оның бай тәжірибесі мен әскери салаға деген сүйіспеншілігі оны құқықтық тәртіп әскерінің қатарына алып келеді. Алғашқы қызмет жолын Ұлттық ұланның 3660 әскери бөлімінен бастап, кейін Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығына ауысады. Өзі Ауған соғысының ардагері болғандықтан және жұмыс барысымен жастарды әскерге тарту жұмысына етене араласты. 2009 жылдың күзінде ауғандық ардагерлермен Астана қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы, жастар ұйымы мен журналистер автошеру ұйымдастырған болатын. Полковник Шалабеков сол керуен құрамында Астана, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қостанай қалаларына барып, әскери бөлімдердегі жауынгерлермен, жастар ұйымдарымен кездесу өткізді. Ардагер батыр, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаевпен бірге жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге араласты. Өскелең ұрпақты ел мен жерге адал қызмет атқаруға шақырды.

Жуырда, Кеңес әскерінің шектеулі контингентінің Ауған Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 34 жыл толмақ. Бұл атаулы дата күні шурави атанып кеткен ауғандық ағаларымызды тағы да еске аламыз. Ондай болса, қаһарман арагерлерге зор денсаулық, отбасылық бақыт, ғибратты ғұмыр тілейміз. 

Ұлы Отан соғысының ардагерлерінен кейінгі толқын ауғандық ардагерлерге алғысымыз зор. Арамызда жүрген батырларымызды барында бағалай білейік!

Соңғы жаңалықтар