Жарияланды: 40

Болашақ түлегі: Назарбаев – мыңдаған жастың асқақ арманын орындады

Болашақ түлегі: Назарбаев – мыңдаған жастың асқақ арманын орындады

Күні кеше ғана ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған Үндеуінде өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Соған орай Болашақтың түлегі, оралдық Әлібек Молданиязов ойымен бөлісті.

ҚР Тұңғыш Президенті өз сөзінде «Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес. Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады. Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді» деп атап өткені мәлім.

Ия, айтқандай, осы 30 жылда еліміздің небір қиындықты бастан өткеріп, айтарлықтай табыстарға да қол жеткізгеніне әлем жұрты куә. Бұл туралы барша БАҚ беттерінде қоғамның әртүрлі саласының өкілдері айтып, жазып жатқаны рас. Десек те, темір ханшайым атанған әйгілі Маргарет Тэтчер: «Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиядағы ең танымал, ең беделді саясаткерлердің бірі. Ол қазір әлемде мойындалған санаулы саясаткерлер сапындағы саңлақ тұлға» деуі бекер емес. Ұлт көшбасшысының өз еліндегі ерен еңбегі де ел есінде ұзақ сақталары даусыз. Соның бір парасы жастар саясатына қатысты.

«Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық. Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары. Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев өз үндеуінде.

Бұл ретте елімізде мыңдаған жастың шетел асып, білім алып, қазіргі таңда жинаған тәжірибесін туған елді түлету ісіне арнап жүргендері аз емес. Солардың бірі Батыс Қазқстан облысы, Орал қалалық әкімдігінде қалалық ішкі саясат бөлімінде сектор меңгерушісі болып қызмет атқарып жүрген Әлібек Молданиязов.

Молданиязов Әлібек Елеусінұлы 1978 жылы 17 қыркүйекте БҚО Сырым ауданы Қособа ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Қособа орта мектебін бітірді.

1997-2002 жылдары М. Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Тарих және құқық» факультетін «тарих пәнінің жоғары кәсіби мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады.

2000-2003 жылдар аралығында Сырым ауданы Талдыбұлақ орта мектебінде тарих пәнінен сабақ берді. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, аудандық білім бөлімінде әдіскер болып еңбек етті.

2003 жылдан мемлекеттік қызметте. Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы, облыстық ішкі саясат басқармасында бас маман, бөлім басшысы болды.

2016-2018 жылдары ҚР Президентінің «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Сассекс университетінде «Сыбайлас жемқорлық және мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша магистратурада оқыды.

2018 жылғы қыркүйектен бүгінге дейін Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болып жұмыс жасап келеді.

Отбасында 2 қыз бен 1 ұлын тәрбиелеп отырған абзал әке.

Әлібектің өзге де «болашақтықтардан» бір ерекшелігі – ол тұманды Альбион еліне отбасымен бірге барған санаулы жастардың бірі. Жұбайы Айнұр Базарова тіл маманы. 2008 жылы М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақсан мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ол да 2016-2018 жылдары ҚР Президентінің «Болашақ» Халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Сассекс университетінде «Халықаралық журналистика» мамандығы бойынша магистратураны тәмамадады.

Қазақ елі үшін осынау тарихи сәтте Тұңғыш Президенттің бастамасымен қолға алынған бағдарлама шарапатын көрген жастың пікірін білуге тырыстық.

«Кез келген жастың арманына айналған «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алдыңыз. Осы ізгілікті істің басында болған Тұңғыш Президенттің кешегі тарихи мәлімдемесін қалай қабылдадыңыз?» деген сауалымызға Әлібек былай дейді:

«2019 жылдың 19 наурызында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев телеарнадан халыққа үндеу жариялап, өз өкілеттілігін тоқтатқанын хабарлады. Қазақ елі үшін орасан зор еңбек жасаған тарихи тұлғаның бұл шешімі маған күтпеген жағдай болды. Біз әлі де жақсы істерді бірге атқарамыз деген ойда едік. Әсіресе, жеке қолын алып, өзімен жеке кездессем деген де арманым болған. Алайда, әрбір күн тарих қой, кім біледі, мүмкін әлі де кездесудің жолы түсер... Міне, ВВС радиосы да ағылшын тілінде әлемге хабар таратып, «Қазақ Президенті Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты... Ол Қазақ елін әлемге танытқан ұлт көшбасшысы» деп жаһанға жар салып жатыр. Жеке өз басым Нұрсұлтан Әбішұлына Халықаралық «Болашақ» стипендиясын енгізіп, мыңдаған жас пен сала мамандарын шетелде білім алып, әлемдік университеттерде оқуына жағдай жасағаны үшін мың алғыс айтамын. Себебі мен отбасыммен бірге осы мыңдаған отандастарымның қатарында «Болашақ» стипендиясы бойынша Ұлыбританияда магистратурада оқып, білімімізді көтеруге қол жеткіздік.

Шетелде жүріп, біздің елімізде 1993 жылдан бері бар «Болашақ» бағдарламасының көптеген елдерде жоқ екенін де біліп, таңдандық. Менің ойымша, осы бағдарламаны іске қосу арқылы Қазақстан өзінің әлемдік деңгейдегі орнын да жоғары деңгейге көтергені анық. Себебі көптеген шетелдік студенттер бізбен танысқан кезде таңданады. «Сіздер осындай салаларда бірнеше жылдық жұмыс тәжірибелеріңіз бар, ал біз болсақ, мамандығымыз бойынша әлі жұмыс жасап көрмедік, бірінші жоғары оқу орнын жаңа бітірдік»,- дейді. Бұл «Болашақ» стипендиясының әр сала мамандарын оқытуға мүмкіндік бергенінің арқасы. Ол жас маман болсын, ол бірнеше жыл жұмыс жасаған тәжірибелі маман болсын, өз жұмысын заман талабына сай ұйымдастыру үшін кез келген санаттағы тұлғаның өз білімін жетілдіруге жағдай жасап отыр.

Жұбайым екеуміз бірге оқуға түскен соң аз да болса балалар да ағылшын бастауыш мектебінде оқып, белгілі бір тәжірибе алу мүмкіндігіне ие болды. Бұлардың барлығы тек университет пен мектеп бағдарламасындағы білім емес, жалпы сол мемлекетте болып жатқан барлық қоғамдық үдерістерді саралау, жақсысын алу деген сөз. Мысалы, мен Англияда тұрып жатқан үйімнің шарбағындағы қатты қалдықтар контейнерін әр аптаның жұма күні сағат таңғы 10.00-ге дейін шарбақтың сыртына шығарып қоймасам немесе жан-жағына төгіліп жатса, апта сайын осы уақытта келіп жинайтын машина менің үйден шығарған күл-қоқысымды алмай кететінін нақты білесің. Немесе қолданған ауызсуға төлем жасаған соң артынан көп кешікпей жеке менің төлеген ақшамның қаншасы қай бағытқа жұмсалатыны туралы, яғни 10 пайызы суды сатып алуға, 12 пайызы қызметкерлердің еңбекақысына, 5 пайызы жаңа технология алуға және т.с.с. түрлі-түсті 4-5 парақта жасалған есебі келеді. Бұның бәрі тәртіп пен біріздендірілген ұлттық стандарттар. Сондықтан оны кішкентай балаларымыз да тәжірибе жүзінде өз қолдарымен күн сайын істеу арқылы жаттайды. Яғни бір адам оқуға барса, оның айналасындағы бірнеше адам да жаңашыл ақпараттар алып, позитивті идеялардың таралуына үлкен әсер ететінін өз басым сезіндім.

Қорыта айтқанда, Елбасы – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының Қазақстанның әлемде дамыған 30 елдің қатарына қосылуы үшін істеген көптеген жұмыстарының бір ғана қыры. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау, шекарамызды бекіту, жаңа Астанамызды салу сияқты тың бастамаларының орыны өз алдына бір төбе. Қазір мен мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп үрмін. Келешектегі арман-мақсатым – кешегі Нұрсұлтан Назарбаевтың айтқан сөздерімен үндес. Яғни, Н.Назарбаев: «Мен бүгінгі сөзімді сіздердің әрқайсыңызға арнаймын. Еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жетістікке жететінімізге сенемін. Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін? Болашақ қазақстандықтар білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыратынына нық сенімдімін. Олар – әлемнің азаматтары. Олар дүниені шарлайды. Олар жаңа білім алуға құштар. Олар – еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары. Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады деп сенемін. Бұл – бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді. Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды. Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады. Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айрыламыз», - деді ғой. Неткен көрегендік! Ештеңе алып-қоса алмайсың. Сондықтан, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жеке өз атымнан және отбасымның атынан тағы да үлкен алғыс айтамын».

Міне, «Болашақтың» түлегі Әлібек Молданиязовтың Тұңғыш Президенттің тарихи қадамына қатысты пікірі осындай. Бұл шет мемлекеттерде тәлім алып, тәжірибе жинаған Әлібек секілді талай жастың ортақ пайымы екендігі сөзсіз. Кемел келешектің кілті білімді жастардың қолында десек, олардың өз мақсаттарына жетеріне сенім мол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін