БҚО: Батыр С.Жақсығұлов туралы жаңа кітап жарық көрді - kaz.caravan.kz
  • $ 489.39
  • 567.5
+22 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҚО: Батыр С.Жақсығұлов туралы жаңа кітап жарық көрді

БҚО: Батыр С.Жақсығұлов туралы жаңа кітап жарық көрді

Кеңес Одағының Батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық Жақсығұловтың 90 жылдық мерейтойына орай ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріковтің «Тасқала тарланы» атты очерктер кітабы жарық көрді.

  • 6 Қараша 2014
  • 1439
Фото - Caravan.kz

Автордың айтуынша, Садық Жақсығұлов осынау жоғары атаққа  ие болған қазақстандықтардың ең жасы болатын. Ол 18 жасқа  толмастан майданға аттанып, он тоғыздан сәл асқан шағында Кеңес Одағының Батыры атанды. Жаңақала жерінде дүниеге келген болашақ батыр Тасқала ауданының бұрынғы №500 кеңшарындағы жетіжылдық мектепті бітіріп, еңбекке араласты. 1942 жылдың 17 тамызында әскер қатарына шақырылды. Орынбор қаласы маңындағы кіші командирлер даярлайтын курсты бітіріп, кіші сержант шенінде миномет расчётының командирі болып шығады. Алматыда жасақталып, майдан шебіне жеткізілген 73-гвардиялық Сталинград Қызыл тулы атқыштар дивизиясының сапында жүріп, Курск, Орел, Белгород қалалары үшін болған ұрыстарға қатысып, батылдығымен көзге түседі.

Садық Шәкелұлы миномет расчётымен Днепр өзенінен ұрыспен өтіп, оң жағалаудан плацдарм алып, оны қорғап және кеңейтуге қосқан ересен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1944 жылдың 22 ақпанында Кеңес Одағының Батыры атағына ие болады. Көп кешікпей лейтенант шені берілген жас офицер взвод командирі болып тағайындалып, Украина, Молдавия республикаларын жаудан азат ету жолындағы қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Австрия мемлекетінің Грац қаласында соғысқа соңғы нүкте қояды.

Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұлов соғыстан кейін білімін жетілдіріп, Тасқала ауданында шаруашылық саласы, партия, кеңес органдарында басшылық қызметтер атқарды. Жары Вера Сергеевна екеуі бес ұл-қыз өсіріп, немере-жиен сүйіп, ел ағасы атанды. Облыс аумағынан шыққан Батырлардың ең соңы болып, 2009 жылдың көктемінде дүниеден озды. Жерлестері Садық Жақсығұловты үнемі еске алып, жас ұрпаққа үлгі етіп отырады.


Кітапта жүрек жұтқан батырдың майдандағы ерлігі, бейбіт өмірдегі атқарған қызметі, қарулас, жұмыстас, аралас-құралас болған адамдары туралы шынайы тұрғыда баяндалған. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жарық көріп отырған бұл кітап жас буынды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуімен, яғни ерлік пен елдікке үндеуімен құнды.

Айта кетейік, 7 қараша күні Тасқала ауданы орталығында батырдың 90 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар, соның ішінде қазақ күресінен С.Жақсығұловты еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнир, жас ақындар мүшәйрасы өтеді.