БҚО-да жаппай естерінен танған тұрғындар өздерін көшіруді талап етті - kaz.caravan.kz
  • $ 491.37
  • 570.48
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
БҚО-да  жаппай естерінен танған тұрғындар өздерін көшіруді талап етті

БҚО-да жаппай естерінен танған тұрғындар өздерін көшіруді талап етті

Батыс Қазақстан облысында газга тұншығып, естерінен танған Березовка ауылының тұрғындары өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр. Жұрт денсаулықтарына алаңдаулы. Өткен жұмада осы елді-мекеннің жиырмадан астам оқушысы бір мезетте талып қалған болатын. Естерінен танғандардың арасында үш ересек адам бар. Тұрғындар бұған іргедегі Қарашығанақ газ кен орнын кінәлайды. Тынысты тарылтып жатқан осы кәсіпорының ауаға тарап жатқан улы қалдықтары дейді ауылдықтар.

  • 2 Желтоқсан 2014
  • 299
Фото - Caravan.kz

Өткен жұмадан бері Березовка ауылы тұрғындарынан маза қашқан. Себебі, сабақ үстінде жиырмаға тарта оқушы біренен соң бірі талып, денелері құрысып қалыпты. Үш мұғалім де есінен танып, сол күні Ақсайдағы аудандық ауруханаға жеткізілген.

ЛидияТарасенко, Березовка ауылының тұрғыны:

-Балалардың аяқтары тартылып, денелері құрысты. Сілекейлері ағып, естерінен танып жатты. Өте қорқынышты жағдай. Олардың уланғаны анық. Барлығы экологиядан ғой. Сасық иіске тұншығып отырмыз.

Дәрігерлер қойған алғашқы диагнозға тұрғындар күле қарайды. Себебі мамандар оқушылар зорыққан немесе мектепте шашылған газ балонынан уланған болуы мүмкін дегенді айтқан. Ал жергілікті халық мүлдем басқа пікірде.

Константин Нецко, Березовка ауылының тұрғыны:

-Қарашығанақтың екі нысанынан ауаға улы газ жіберді. Менің өзім сол кен орнында жұмыс істеймін. Газ жіберген уақыттан бастап балалар ауыра бастады.

Лидия Самара, Березовка ауылының тұрғыны:

-Мұрныңмен дем алу мүмкін емес. Сасық иістен тұншығып болдық. Енді бізді көшірмесе болмайды.

Мұндай оқыс оқиға Березовка ауылында алғаш рет болып тұрған жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын жердің асты опырылып түсе бастады.Енді, міне, адамдары уланып жатыр. Сондықтан Қарашығанақтан небәрі үш шақырым жердегі ауылдың тұрғындары жаппай көшіру керектігін айтып, Елбасының атына хат жолдаған. Ал аймақ басшысы оқиғаның мән-жайын анықтау үшін штаб құрылғанын жеткізді. Сондықтан әзір даурығуға негіз жоқ деп отыр.


Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

-Тұрғындар ашу-ызаға булығып, Қарашығанақты айыптап отыр. Бірақ комиссия жұмысын жүргізуі керек қой. Соның қорытындысы шыққан соң ғана бұл оқиғаға не себеп болғанын айтамыз.

Қазір ауыл тұрғындары мен оқушылардың улануына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Астанадан жеткен тергеушілер мен прокурорлар тексеруге кірісіп кеткен. Олар кен орнынан бастап, ауыл мектебін де жіті қарап шықпақшы. Себебі балалар асханадағы тамақтан ұшынуы мүмкін деген де болжам қарастырылып жатыр.