Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен дағдарысқа қарсы штаб отырысында мәлім етілді.
Облыстық әділет департаментінің басшысы Әсия Мұхитованың айтуынша, қарыздар мекемелерге қатысты түрлі шаралар алынуда. Мәселен, олардың жылжитын және жылжымайтын мүліктеріне, банктердегі есепшоттарына тоқтау салынады. Сондай-ақ, басшыларының шетелге шығуына шектеу қойылады. Өтейтін мүлкі болмаған жағдайда басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалады. Биыл тергеу органдарына осындай төрт материал жіберілді.
Жалпы, жыл басынан бері сот орындаушылары өндірісіне қарыз көлемі 133,671 млн. теңгені құрайтын 114 атқарушылық құжат түскен. Соның ішінде 82 құжат бойынша сот шешімдері орындалған, қалған берешек көлемі — 31 млн. теңге.
Кеңесте мұндай істерді сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен оңтайлы шешу қажеттігі атап көрсетілді.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Есбол Әміровтің сөзіне қарағанда, биылғы 11 маусымға дейінгі мәлімет бойынша міндетті зейнетақы төлемдері бойынша уақтылы түспеген қаржы көлемі 58 млн. теңгеге жетті, тоқсан басындағымен салыстырғанда, өсім 4,1 млн. теңгені құрады. Ал әлеуметтік аударымдар бойынша мерзімінде түспеген қаржы — 19,2 млн. теңге (өсім — 1 млн. теңге).
Отырыс қорытындысы бойынша онда айтылған ұсыныс-тілектерді ескере отырып, хаттамалық шешім қабылданды.
