Жарияланды: 430

Бүгін полиция капитаны Ғ.Байтасовтың Тараздағы терактіде қаза болғанына - 1 жыл

Бүгін, қарашаның 12-сі күні Тараз қаласындағы қанды терактінің болғанына бір жыл толып отыр.

Бұл күні елді үрейге бөлеген жиһадшы М.К.Қариев қару-жарақ дүкендерінің біріне қарақшылық шабуыл жасап, ақыр соңында өзін-өзі жарып жіберді. Сол кезде жол полициясының взвод командирі, капитан Ғазиз Байтасов қылмыскерді өз денесімен жауып, ерлікпен қаза болды. Естеріңізде болса, М.Қариев, ең бірінші, Мазда-626 көлігінің иесі Закировқа қарақшылық шабуыл жасап, қорқытып, көлігін тартып алады. Осыдан кейін қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, күзетші В.Федорченконы өлтіріп, Н.Е.Оразбасовты ауыр жарақаттады. Сосын жартылай автомат және «Сайга» қаруын иемденіп, тайып тұрды. Өзін аңдып жүрген екі полиция сержанты П.К.Аямқұлов пен Н.А.Бәйсейітовты өлтіріп, олардың табельдік қаруын алғаннан кейін Қариев өзінің тұрғылықты жеріне барып, РПГ-26 гранотометын алып шығады. Одан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті ғимаратының қабырғалары мен терезелеріне атады. Бұл жерде адам өлімі орын алмаса да, ғимарат біршама қирады. Ал сағат 12:45-тің шамасында Қариев полиция патрулінің екі қызметкерін жарақаттап қашады. Өз кезегінде жол полициясы қызметкерлері оны жаралап, қолға түсіруге ұмтылған кезде, Қариев гранатаны алып шығады да, іске қосады. Оны көрген капитан Г.Байтасов қылмыскерді өз денесімен жауып, ерлікпен қаза болды. Полиция сержанты С.С.Алашов болса, қатты жарақаттанды. Бүгінде Тараздағы теракті кезінде қаза болған құқық қорғаушылардың құрметіне естелік тақталар орнатылды. Ал капитан Ғазиз Байтасовтың құрметіне бюст қойылып, қала көшелерінің бірі батырдың есімімен аталды. Сондай-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен мәңгілік ұйқыда жатқан капитан Ғ.Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағы берілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін