Бюджеттің игерілуіне жауапты басшыларға жауапкершілік шаралары қолданыла бастайды - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бюджеттің игерілуіне жауапты басшыларға жауапкершілік шаралары қолданыла бастайды

Бюджеттің игерілуіне жауапты басшыларға жауапкершілік шаралары қолданыла бастайды

Бюджет нақтыланған соң, оның игерілуіне жауапты бірінші басшыларға жауапкершілік шаралары нақты қолданыла бастайды.

  • 31 Қазан 2012
  • 489
Фото - Caravan.kz

Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы Серік Ахметов осылай мәлім етті.

Тоқтала кететін жәйт құжатты талқылау барысында депутат Ерген Дошаев бюджеттің игерілмеу мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын атап өткен болатын. Депутаттың айтуынша, 2007 жылдың 1 қаңтарынан 2012 жылдың 1 қазанына дейінгі аралықта Қазақстанда игерілмеген бюджеттің жалпы сома 270 млрд. теңгені немесе 1 млрд. 800 млн. долларды құраған.

«Қазақстанның игерілмеген бюджет сомасы Қырғызстан мен Тәжікстан секілді мемлекеттердің жылдық республикалық бюджетінен 1,5 есеге артық», — деді Е. Дошаев.

Өз кезегінде Үкімет басшысы С. Ахметов бюджеттің орындалуы ұдайы назарда ұсталатынын, осы бағытта нақты шаралар қабылданып жатқанын жеткізді.

«Биыл Парламент бюджет үдерісіне қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған заңды қабылдады. Бұл заңда алғаш рет тікелей әсер ететін жауапкершілік нормалары қатайтылып, бюджетті орындауға қатысты тәртіп нығайды. Заң бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігін нақты қарастырады. Сондай-ақ, осы заңда бюджет бағдарламасының нәтижеге қол жеткізілмегендігі үшін алғаш рет жауапкершілік енгізіліп отыр. Бұл бізге де көмектеседі, яғни біз осы заң шеңберінде бағдарлама әкімшілеріне нақты шара қолдана аламыз»,-деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Үкімет басшысы заңнамада алғаш рет тендерлерді өткізу мерзіміне қатысты мәселелер қамтылғанын, ол бойынша конкурстар бюджеттік жыл басында белгіленгенін жеткізді.

«Мен бұл заңның нәтижелері нақты белгілі болып, жауапкершілікке қатысты шаралар биыл көріне бастайды деп ойлаймын. Қазір нақтыланған бюджетті қабылдап жатырмыз. Құжат қабылданған соң бюджет қаржысын игере алмаған бағдарлама әкімшілеріне, бірінші басшыларға тиісті жауапкершілік шаралары қабылданады. Осы залда мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, министрлер отыр. Олар да бюджет қаражаттарының игерілуіне қатысты толық жауапкершілікті алады деп ойлаймын»,-деді С. Ахметов.

Соңғы жаңалықтар