Жарияланды: 2100

Денис Тен қазақтарға неге ұнамай қалды

Денис Тен қазақтарға неге ұнамай қалды

Қысқы Олимпиада қарсаңында Оңтүстік Кореяда қазақстандық спортшы жайлы деректі фильм түсірілді

Жақында Халықаралық Олимпиада Комитетінің Үоutube желісінің арнасында Денис ТЕН туралы «Мұз астында» («Underneath the Ice») атты деректі фильм шықты, деп хабарлайды ratel.kz.

Фильмде Денис Теннің бала кезінен бастап бүгінгі күнге дейін өмірбаяны баяндалады. Онда хорда ән шырқағаны, мұз айдынында алғашқы қадам басқаны туралы сирек кадрлар кездеседі. Сонымен қатар, фильмде Қазақстан қысқы Олимпиада тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш жүлдені иеленген спортшының жетістіктері жайлы да айтылады.

Фильмде Денис Теннің сөзі де келтіріледі, ол орыс және ағылшын тілдерінде жетістіктері жайлы айтады. Сондай-ақ, балалық шағын еске түсіріп әжесі жайлы жылы лебіздерін жеткізген.

Алайда, бұл фильм қазақстандықтардың көңілінен шықпаған сыңайлы. Отандық танымал ЗТБ желісінде пікір қалдырған қолданушыларға Денистің орыс және ағылшын тілінде сөйлегені ұнамай қалыпты.

«Атамекеніне барып, қуанып жүрген шығар, өз қандастары (кəрістердің) арасында», - дейді Али ДИМАШ атты бір оқырман.

«Иә, қазақ жерінде тұрған соң, осы елдің атынан шыққан соң, қазақ тілін білген дұрыс қой. Анау Димаш та (Құдайберген – автор) ағылшынша да, қытайша да үйреніп алды ғой. Ал мына Теннің ойында ол жоқ, әйтеуір аман жүрсін», - дейді Нұркен МИРАС.

«Қазақстанда тұрып қазақтарын қазақша білмесе, бұған несіне қазақша үйренбей ме деп айтасыңдар», - дейді Мөлдір ДІЛДАБЕКОВА.

«Бір жағынан молодец, басқа жағынан Қазақстанда туылып орысша сөйлеп, қазақ тілін үйреніп алмай, ағылшын тіліне өтіп кеткен. Яғни, қазақ тілін керек қылмай, менсінбей кетті! Ар жағында кәрісше де үйреніп жатқан шығар!», - деп ойың білдіреді Қайсар ЖҰМАДИН.

«Ағылшын және орыс, Карл! Ағылшын және орыс! Бірақ қазақша емес», - деп мысқылдады Қожахмет ҚУАНЫШ есімді пайдаланушы.

Осыған орай, біз «Болашақ» Республикалық Қозғалысының төрағасы Дәурен БАБАМҰРАТОВТЫҢ пікірін білген едік.

Оның ойынша, қазақ тілін жалпыдан да, жалқыдан да талап ету заңдылық болуы тиіс.

«Қазақ тілін әкімнен де, әншіден де, спортшы мен мемлекеттік қызметкерден де талап ету заңдылық. Бірақ ол талап, өкпе, реніш түрінде емес, заңның басым бағыты ретінде талаптанылуы қажет. Және тіл (яғни заң және оның орындалуы) сөзсіз тек қара халыққа ғана керек емес, ең бірінші елдің үмітін арқалап жүрген әкім мен министрлерге керек. Талай теңге шашқан спорт министрлері жазылмаған заңды оған құйып қою керек еді, яғни шет елге шыққанда Қазақстанға құрмет көрсетіп, сөз басын қазақ тілінен бастау керек екендігін.

"Әр елдің салты басқа, құйрығы қара қасқа" демекші, қазақ үшін тіл жағдайының өте нәзік екендігін ел алдында жүргендер түсінуі керек, әсіресе сыртта жүргенде», - дейді жас патриот.

Айта кетейік, Денис Тен 2014 жылғы Сочиде өткен қысқы Олимпиада ойындарына қола медалге ие болған еді. Енді ол Пхенчхань қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін Оңтүстік Кореяға аттанған еді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть