Жарияланды: 770

Дизайнерлер: мұсылмандар қалай киіну керек?

Мұсылмандар қалай киіну керек? Бұл сауалға жауап іздеген отандық дизайнерлер халыққа өз ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды. Қазақстанда тұңғыш рет ұлттық киім үлгілері байқауға ұсынылды. Тігін ісінің шеберлері бүгін авторлық туындыларын таныстыра келе, мұсылман қауымның стилін қалыптастыруға өзіндік үлес қосуға тырысты.

 Байқаудың тақырыбы мен мазмұны: мұсылман киімі  ұлттық айшықта. 12 сән үйі ең үздік атану үшін өзара таласқа түсті. Бірақ аса қызу тартыс сахнаның ар жағында. Ұлттық киім үлгісін көрсетуде ешқандай мін болмауы тиіс. Сондықтан қыздар ұзақ сәнделді. 

Мұнда еліміздің ең үздік дизайнерлері өз туындыларын сахнаға  әзірлеуде. Байқау Қазақстанда бірінші рет ұйымдастырылып отырғандықтан, барлығы да тыңғылықты дайындықпен келгенікөрініп тұр. Жалпы отандық дизайнерлердің басты арманы – қазақтың ұлттық киімдерін насихаттап, күнделікті өмірге енгізу.

Сәнді топтамаларда той көйлектері, іскер әйелдердің, спортшылардың киімдері де қамтылған. Алайда ақысы арзан емес. Авторлық туынды орташа есеппен алғанда 50 мың теңге.  

Құралай Нұрқаділова, дизайнер:

- Біз  екі-үш рет істедік.  Бір жерде көрсеттік те. Жақсы сатылады.

Тігін  шеберлері сондай-ақ хиджабтардың түр-түрін де көрсетті. Бұл орайда дауласқандар да болды. Басым бөлігі қазақ халқы ұлттық нақыштарын жоғалтпаса екен деп тілейді.

Фәтима Бизақова, шеберхана жетекшісі:

- Діни мемлекеттердің әсеріне енген жоқпыз әлі,толығымен. Сондықтан жеке басым хиджабтарға қарсы емеспін. Бірақ оның орнына біздің қазақ қыздарымызды өздерінің ұлттық киімдерін  киюге шақырамын.

 Шынымен, қазіргі жастар ұлттық дәстүрге бет бұрғандай. Байқауды қызығып тамашалағандар баршылық. Сахнаға шыққан қыздар  сән көйлектерін өздерінің  үйлену тойларында киюге ниет білдіріп жатты. Бір әттеген-айы,ерлер үшін ұлттық киім үлгілері әзірге жоқтың қасы.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін