Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, қыркүйек қорытындысы бойынша теңге 4,6%-ға нығайып, бір доллардың бағамы 440,49 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) айлық орташа тәуліктік сауда көлемі 415 млн доллардан 474 млн долларға дейін өсті. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 10,4 млрд доллар болды.
«Қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы жағдайға және геосаяси ахуалдың өзгеруіне байланысты болады», – деді ҰБ баспасөз қызметі.
Ұлттық банктің мәліметінше, қыркүйекте Ұлттық қордан биржалық нарықта 200 млн доллар сатылды. Ұлттық қор қаражаты есебінен жасалған сатылымдардың үлесі жалпы сауда көлемінің 1,9%-ын немесе күніне шамамен 9,1 млн долларды құрады.
Қыркүйекте Ұлттық банк Ұлттық қор операцияларын айнадай қайталау тетігі аясында болжамды көлемі 200-300 млн доллар болатын операцияларды бастауды жоспарлаған. Алайда валюта нарығындағы ұсыныстың артуына байланысты бұл операциялар кейінге қалдырылды. Оларды одан әрі жүзеге асыру нарық конъюнктурасын ескере отырып айқындалады. Бұл ретте бағам динамикасы іргелі факторларға сәйкес қамтамасыз етіліп, теңгенің күрт алыпсатарлық ауытқуына жол берілмейді.
Ақша-кредит реттеушісінің мәліметінше, қыркүйекте алтын сатып алу операцияларын айнадай қайталау аясында шамамен 374 млрд теңге өтімділіктен шығарылды. 2026 жылдың IV тоқсанында алтын сатып алу операцияларын айнадай қайталау аясында шамамен 907 млрд теңгеге баламалы шетел валютасын сату жоспарланып отыр.
Ұлттық қор қаражаты бойынша операцияларды жүргізу кезінде де, Ұлттық банк айнадай қайталау тетігін іске асырған кезде де нарықтық бейтараптық қағидаты сақталады.
Ұлттық банк қыркүйекте валюта нарығына интервенция жүргізбегенін атап өтті.
Зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті сақтау мақсатында БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде Ұлттық банк қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Сатып алудың жалпы көлемі 986 млн долларды немесе сауда-саттықтың жалпы көлемінің шамамен 9,4%-ын құрады.
Алдағы шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару шеңберінде нарықтағы жағдайды ескере отырып қабылданады.
Ұлттық банк икемді бағам қалыптастыру режимін ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл режим теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермей, алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.